Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде CDIO дүниежүзілік бастамасының Азиялық өңірлік кездесуі - CDIO Asian Regional Meeting 2026 өтті. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған халықаралық іс-шара Орталық Азияда алғаш рет өткізілді.
Кездесуге 15 елдің жоғары оқу орындары, инженерлік мектептері мен сарапшылық қауымдастығының 50-ден астам өкілі қатысты. Олардың қатарында Сингапур, Швеция, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Үндістан, Малайзия, Вьетнам, Өзбекстан және Әзербайжан мамандары болды.
Іс-шараның негізгі тақырыбы: «Жаңа буын инженериясы: академиялық орта, индустрия және жасанды интеллектінің жаңа үштағаны». Қатысушылар инженерлік білім беру бағдарламаларын жаңарту, жобалық және тәжірибеге бағдарланған оқытуды дамыту, жоғары оқу орындарының өнеркәсіп кәсіпорындарымен байланысын нығайту және мамандар даярлауда жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәселелерін талқылады.
CDIO дүниежүзілік бастамасының бірлескен директоры, Турку қолданбалы ғылымдар университетінің проректоры Юха Контио өз баяндамасында ұйымның даму жолына тоқталып, инженерлік білім берудегі заманауи тәсілдерді таныстырды. Ол жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне жүйелі енгізу инженерлерді даярлау саласындағы негізгі сын-қатерлердің біріне айналғанын атап өтті.
Кездесу бағдарламасына пленарлық отырыстар, сараптамалық сессиялар, тәжірибелік семинарлар мен пікір алмасу алаңдары енгізілді. Қазақстандағы инженерлік білім берудің ұлттық моделін іске асыруға, білім беру бағдарламаларын индустриялық серіктестермен бірлесе әзірлеуге және студенттердің нақты инженерлік міндеттерді шешу дағдыларын қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
ШҚТУ үшін мұндай деңгейдегі халықаралық кездесуді өткізу инженерлік білім беруді жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстың маңызды нәтижесі болды. Университет Қазақстандағы CDIO дүниежүзілік бастамасының толыққанды мүшесі мәртебесіне ие жалғыз жоғары оқу орны саналады. Бұл мәртебе халықаралық тәжірибені білім беру үдерісіне енгізуге, жобалық оқытуды дамытуға және шетелдік университеттермен жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.
Кәсіби бағдарлама мәдени мазмұнмен толықты. Ашылу рәсімінде қонақтарға қазақтың дәстүрлі күй өнері таныстырылды. Қорытынды күні шетелдік қатысушыларға арналған этномәдени бағдарлама ұйымдастырылып, олар қазақ халқының салт-дәстүрімен, музыкасы және ұлттық мәдениетімен танысты.
CDIO Asian Regional Meeting 2026 университеттің халықаралық инженерлік білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтып, Қазақстанда жаңа буын инженерлерін даярлауға бағытталған заманауи тәсілдерді кеңінен енгізуге серпін берді.