Ағымдағы жылдың 4 мамыры күні қала әкімі Ж.Омардың өкімімен, «Мен - Қазақстан патриотымын!» мерекелік іс-шаралары аясында және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай, біздің студенттер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «27943 әскери бөлімі» РММ-де ұйымдастырылған ашық есік күніне қатысты.
Іс-шараның мақсаты жастардың бойында патриоттық сезімді ұялатып, азаматтық белсенділікті арттыру, өскелең жас ұрпақты Отанды қастерлеу мен ардақтауға, халқының мүдде-мақсатын қорғауға, Қазақстан халқының достығын сақтауға қабілетті азаматтарды тәрбиелеу.
Экскурсия барысында студенттер әскери бөлім базасымен, оның құрылымымен танысып, қызметкерлермен сұхбаттасты. Қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесімен танысты. Әскери қызметшілер заманауи атыс қаруының мүмкіндіктері, әскери машиналар мен байланыс құралдарының техникалық сипаттамалары туралы айтып берді. Сонымен қатар, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер тұратын казармалармен танысты.
Әскери бөлімнің 2-ші танк батальоны штабының бастығы майор С.Ж. Раманқұлов студенттерге сарбаздардың әскери өмірі туралы баяндап, елімізді қорғауға қызығушылықтарын оятуға, Отанды қорғауға ұдайы әзір болуға, оқуда және спортта белсенділік танытуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Студенттер әскери бөлім территориясында орналасқан Халық қаһарманы Қасым Қайсенов ескерткішіне гүл шоғын қойып, естелікке суретке түсті.
Іс-шараны Әлеуметтік-мәдени қызмет және жастар саясаты басқармасы және әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің басшысы Л.М.Дошманова ұйымдастырды.