Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде 2026 жылғы түлектерге диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Екі күн ішінде 1500-ге жуық бакалавр мен магистр жоғары білім туралы дипломға ие болды. Олар алдағы уақытта өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, ақпараттық технологиялар және экономиканың басқа да стратегиялық маңызды салаларында еңбек ететін болады.
Салтанатты шараға түлектердің ата-аналары, профессор-оқытушылар құрамы, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының жетекші өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары мен өкілдері қатысты.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің атынан түлектерді облыс әкімінің орынбасары Е.Ж. Нұрғалиев құттықтады.
Өз сөзінде ол диплом табыстау рәсімінің жаңартылған Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енген күндерімен тұспа-тұс келуінің ерекше мәні бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заң Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты құндылықтарды - адамды, сапалы білімді, адал еңбекті, заң үстемдігін және әр азаматқа тең мүмкіндік беруді айқындады.
«Бүгін сіздер кәсіби өмірге жолдама алып отырсыздар. Елдің технологиялық дамуына үлес қосып, Шығыс Қазақстанның және бүкіл Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайту міндеті сіздердің иықтарыңызға жүктеледі. Жаңартылған Конституция еліміздің одан әрі дамуына берік негіз қалады. Ал Қазақстанның жарқын болашағы сіздердің білімдеріңізге, кәсібиліктеріңізге және жауапкершіліктеріңізге тікелей байланысты», – деді Е. Нұрғалиев. Облыс әкімінің орынбасары түлектердің ата-аналары мен оқытушыларына алғысын білдіріп, олардың жас мамандарды тәрбиелеу мен сапалы білім беру жолындағы еңбегін ерекше атап өтті.
Салтанатты жиында Шығыс Қазақстан облысының жетекші өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері де сөз сөйлеп, жас мамандарды құттықтады. Олар университет түлектерінің жоғары кәсіби даярлығын атап өтіп, өңір кәсіпорындары жаңа инженерлерді жұмысқа қабылдауға және олардың кәсіби дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті еліміздің жетекші инженерлік жоғары оқу орындарының бірі ретінде ондаған жылдар бойы өнеркәсіп, энергетика, құрылыс және цифрлық экономика салалары үшін жоғары білікті кадрлар даярлап келеді. Университет түлектері Қазақстанның және шетелдің ірі кәсіпорындарында табысты еңбек етіп, ел экономикасы мен ғылымының дамуына зор үлес қосуда.
Диплом табыстау рәсімі әрбір түлек үшін ғана емес, бүкіл Шығыс Қазақстан облысы үшін де маңызды оқиға болды. Бұл шара өңірдің инженерлік кадрлық әлеуетінің жоғары екенін және Қазақстанның индустриялық дамуына үлес қосатын жаңа буын мамандардың қалыптасып келе жатқанын тағы бір мәрте айқындады.