Алдағы уақытта заманауи талаптар бойынша тек бәсекеге қабілетті оқу орындары ғана нарықта қалмақ. Ал университеттің мықтылығы оның түлектерінің жағдайымен бағаланады десе болады. Бәсекеге қабілетті жоғарғы оқу орны дегеніміз – мамандықтарына сұраныс бар, білім бағдарламалары қазіргі заманға бейімделген, алған білімін жұмысында тікелей пайдалануға құзырлы мамандар тәрбиелейтін білім ордасы.
ШҚМТУ мен ШҚ АЭК арасында құзырлы студенттерді жұмысқа орналастыру бойынша ортақ келісімшарт бар. Биыл «Серпін» бағдарламасы аясында оқу орнын тәмамдаған 4 студентті Болат Тайтиков басқарып отырған «Шемонаиха АЭЖ» кәсіпорны жұмыспен қамтамасыз етті. Ал жергілікті билік өкілдері жас мамандарға көмек ретінде 87 мың теңгеден қаражат ұсынып, ең бастысы баспана мәселесін шешіп берді.
Университеттің Энергетика факультетінің деканы Айбек Ақаев студенттердің барлығына таңдау берілетінін және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері әрдайым болатынын алға тартты.
Айта кетейік, аталмыш кәсіпорынның өзінде әлі де бірнеше бос жұмыс орны тұр. Энергетика саласындағы мамандар қай заманда да сұранысқа ие болғаны рас. Бірақ, басқаларға қарағанда сапалы білім алып шыққан ШҚМТУ студенттеріне көбірек бүйрек бұратынын кәсіпорын басшысы да жасырмады. Ендеше, жұмыс іздеуші түлектер болса – сілтейтін бағыт бар!