19 қыркүйекте Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері мен оқытушылары Дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылған экологиялық іс-шараларға қатысты. Ауқымды бастама республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтті.

Өскемендегі Тәуелсіздік монументі аумағында акцияға қатысушылар Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен бірге ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл күні барлығы 250 түп көшет егілді. Қаланы көгалдандыру жұмыстарына 700-ден астам адам, соның ішінде жоғары оқу орындары мен колледждердің 200-ге жуық студенті атсалысты.

Экологиялық бастама Ертіс жағалауында жалғасты. ШҚТУ студенттері мен оқытушылары өзен маңын қоқыстан тазартып, қаланың табиғи аумағын абаттандыруға үлес қосты.

Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаны таза ұстаумен ғана шектелмейді. Олар жастардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына, экологиялық жауапкершілікті сезінуіне және туған өлкенің келешегіне бейжай қарамауына ықпал етеді. Бірлескен еңбек университет қауымдастығын ортақ мақсат төңірегіне жұмылдырып, әр адамның қоршаған ортаны қорғауға нақты үлес қоса алатынын көрсетті.

ШҚТУ орнықты даму қағидаттарын білім беру, ғылым және қоғамдық қызметпен сабақтастырып келеді. Университет көгалдандыруға, су экожүйелерін сақтауға, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға және жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдайды.

Жастардың республикалық акцияға белсенді қатысуы  университет қауымдастығының экологиялық құндылықтарға адалдығының көрінісі. Отырғызылған әрбір көшет пен тазартылған әрбір аумақ - таза әрі жасыл болашаққа қосылған нақты үлес.