«Адал азамат» бағдарламасы аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Айқымбеков Е. бірінші курс студенттерімен кездесуі өтті.

Кездесу барысында жастардың бойында азаматтық жауапкершілік, адалдық, парасаттылық және құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ заң талаптарын сақтау мен қоғам алдындағы жауапкершіліктің маңыздылығы туралы сөз қозғалды.

Ержан Медетханұлы студенттерге мемлекеттік қызметтің ерекшеліктері, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар және қоғамдағы адалдық пен жауапкершілік қағидаттарының маңызы туралы айтып өтті.

Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Осындай кездесулер студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және «Адал азамат» құндылықтарын университеттік ортада дәріптеуге ықпал ететіні сөзсіз.