Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Жоғары IT колледжі Ресейдің Барнаул қаласындағы Алтай көлік техникумымен кәсіби білім беру саласындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында түрлі іс-шаралар қарастырылған: оқытушылар мен студенттерді бірлескен бағдарламаларды орындауға тарту; негізгі білім беру бағдарламалары бойынша сабақтарды оқу-зертханалық базаларда өткізу; біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру; студенттер мен оқытушылар үшін бірлескен тағылымдамалар, семинарлар, тәжірибеден өту бағдарламаларын өткізу; мекемелердің қызмет профиліне сәйкес чемпионаттар мен олимпиадаларға қатысу; студенттердің аралық және қорытынды аттестациясына қатысу.

Сонымен қатар, меморандум шеңберінде өзара қызығушылық тудыратын салалар бойынша оқу-әдістемелік және ғылыми-техникалық ақпарат алмасу, сондай-ақ бірлескен отырыстар, көрмелер, конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа да кәсіби іс-шараларды өткізу қарастырылған.

«Біз оқыту тиімділігін барлық деңгейде арттырып, студенттердің жалпы оқу дағдылары мен іс-әрекет тәсілдерін қалыптастырамыз және жетілдіреміз, танымдық қызығушылықтарын тұрақты дамытуға мотивация береміз. Студенттермен жұмыс нәтижелілігін арттырамыз. Өзара тиімді ынтымақтастық әр өңірдегі білім беру қызметтері нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деп атап өтті ШҚТУ-дың Жоғары IT колледжі басшылығы.