2026 жылғы 28 қазанда  «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Жоғары IT колледжінде «Заң, тәртіп және медиақауіпсіздік» тақырыбында құқықтық сағат өтті.

Кездесу барысында студенттерге құқықтық сауаттылық, құқық бұзушылықтың алдын алу және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері түсіндірілді. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің, Өскемен қаласы прокуратурасының қызметкерлері және «Esbol» қорының өкілдері қатысты.

Есірткінің зияны және жастарды заңсыз әрекеттерге тарту тәсілдері туралы Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Мади Қалиақпаров айтып берді. Ол оңай табыс табуға уәде беретін ұсыныстардың артында есірткі таратуға байланысты заңсыз әрекеттер жасырынуы мүмкін екенін ескертті. Атап айтқанда, студенттерге есірткі жасырылған орындарды көрсететін курьер болудың қауіптілігі және мұндай әрекеттердің қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені түсіндірілді.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрай Арыстанбек дропперлік, дропповодтық және активаторлықтың қауіпті тұстарын түсіндіріп, жастардың заңсыз қаржылық схемаларға тартылу тәуекелдеріне тоқталды. Әсіресе, банк карталарын, шот деректерін және қаржылық сервистерге қолжетімділікті бөгде адамдарға беруге болмайтынына назар аударылды.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қауіпті ұсыныстарды ажырату, жеке деректерді қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша практикалық кеңестер алды.

Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жауапты мінез-құлық қалыптастыруға және шынайы өмірде де, цифрлық ортада да өз қауіпсіздігіне саналы түрде қарауға ықпал етеді.