Жастар арасында қаржылық қауіпсіздік пен сауаттылық дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ оларды заңсыз экономикалық әрекеттерге тартылуының алдын алу мақсатында, 2025 жылдың 7 сәуірінен бастап Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде бірқатар ағартушылық іс-шаралар бастау алды. Бұл іс-шаралар ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне қарасты Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен университет жанындағы Бизнес-мектептің бірлесуімен ұйымдастырылды.
Ашылу салтанаты «Дропперлерге – ЖОҚ» атты студенттік флешмобпен басталып, студенттерге арналған танымдық дәріспен жалғасты. Іс-шараның модераторы – Бизнес-мектеп деканы Закимова А.М. болды.
Дәріс оқыған экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Нүрекенова Э.С. интерактивті форматта «дроппер» ұғымы, қаржы пирамидаларына қатысудың негізгі тәуекелдері туралы кеңінен түсіндіріп берді.
Көрермендердің ерекше назарын Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі Тұрарова А.-ның баяндамасы аударды. Ол тергеу тәжірибесінен нақты істерді мысалға келтіре отырып, ойсыз қаржылық шешімдердің қандай құқықтық салдарға әкелетінін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Іс-шара барысында:
- QR-код арқылы интерактивті сауалнама;
- Kahoot платформасы негізінде онлайн-викторина;
- нақты қылмыстық істерге сүйенген жағдайларды талдау;
- ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің сертификатын табыстаумен аяқталатын қорытынды тестілеу өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың қаржылық алаяқтыққа қарсы тұра алатын иммунитетін қалыптастыру, оларды заңсыз қаржылық схемаларға тарту әдістері мен құқықтық жауапкершілік туралы хабардарлықты арттыру.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті алдағы уақытта да білім беру саласында экономикалық қылмыстардың алдын алуға бағытталған жұмыстарын жалғастырады.
Аталған бағыттағы іс-шаралар университет қабырғасында 7–12 сәуір аралығында өтеді.
#заңментәртіп #законипорядок #қаржылыққауіпсіздік2025