«Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің бірінші курс студенттерімен «Киберқауіпсіздік шаралары» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Кездесуді Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Арыстанбек Н.Т. өткізді.

Іс-шара барысында студенттерге интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік ережелері, жеке деректер мен банк шоттарын қорғау, әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ киберқылмыстардың кең таралған түрлері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Спикер интернет-алаяқтардың азаматтарды алдау үшін қолданатын негізгі тәсілдеріне тоқталып, күмәнді қоңыраулар, хабарламалар мен сілтемелерден сақтану жолдарын түсіндірді.

Сонымен қатар студенттерге бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерді, банк картасының деректемелерін, құпиясөздер мен SMS-кодтарды бермеу, тексерілмеген интернет-ресурстарға кірмеу және күмәнді мобильді қосымшаларды жүктемеу жөнінде нақты ұсынымдар берілді. Киберқылмыстың құрбаны болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына және банкке хабарласу қажеттігі атап өтілді.

Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманнан тиісті жауаптар алды. Іс-шара жастардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және киберқылмыстардың алдын алуға бағытталды.