ШҚМТУ қабырғасында қызу дау: "Қазақстанда цифрландыру қажет пе?"

"Еркін сөз" пікір-сайыс клубының студенттері ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі Агенттігінің ШҚО бойынша департаментімен бірлесіп американдық парламенттік форматта шағын турнир ұйымдастырды. Бүгінгі тақырып: "Қазақстандағы цифрландыру: даму мәселелері мен перспективалары".

Қазылар алқасының құрамында:
1.Жанна Қабдолдақызы, ШҚО бойынша МҚІСҚА департаментінің басшысы;
2.Азамат Есемболов, "Азаматтарға арналған үкімет" ШҚО филиалының директоры;
3.Дәурен Аллабергенұлы, облыстық "Дидар" газетінің тілшісі;
4.Анатолий Мурзыканов, полиция полковнигі, полиция департаменті басшысының орынбасары;
5.Ерасыл Бекенбай, кәсіби дебатер.

Бұл жолы белсене қатысқандар бірінші курс студенттері болды. Тақырып өзектілігімен аудитория қызығушылығын тудырды. Дебат спикерлерінің қорғайтын позициясы сан түрлі болғанымен, кейде олардың жеке пікірімен сәйкес келмеуі де мүмкін. Бірақ, жастар бір пікірдің астарын ақтара отыра мәселеге басқа қырынан қарау мүмкіндігіне ие болады.

Қарама-қарсы пікір қағыстырған «Үкімет» және «Оппозиция» палаталары еді. «Үкімет» палатасы халыққа қызмет көрсету орталықтары мен электронды Еgov жүйесін мысалға ала отырып, бұл үрдістің қолайлылығын атап өтті. Ал кемшін тұстары қатарында қазақстандық серверлердің әлі күнге дейін шикілігі және жұмыстарында жиі орын алатын техникалық ақаулықтар тілге тиек етілді. Алайда, спикерлер сандық форматқа өтпей, цифрландыруды дамытпай тірлік тынысы жақсармайтынын да бірауыздан алға тартты.
Сөзшайқас соңында қазылар алқасы өз ұсыныстарын айтып, барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстады.

Бұл жолғы пікірталаста жеңісті олжалаған «Үкімет» палатасы болды: спикерлер Әлем Әліпбаев пен Мадина Әуелбаева. Айта кету керек, Алем Әліпбаев, сонымен қатар, бүгінгі сөзталастың «үздік спикері» атауын жеңіп алды!

 

 

Бренд-кеңсе