1. Әскери кафедрада оқыту үшін студенттерді іріктеуді жыл сайын іріктеу комиссиясы конкурс негізінде қабылдау жоспарына сәйкес жүргізеді.

Әскери кафедраның құжаттарды қабылдауы іріктеу комиссиясының жұмысы басталғанға дейін 10 жұмыс күні бұрын аяқталады.

Конкурсқа күндізгі оқу нысаны бойынша ЖЖООКБ -да оқитын студенттер, конкурс өткізілетін жылға 24 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Әскери кафедрада оқыту үшін студенттерді іріктеуге конкурс төрт кезеңде жүзеге асырылады:

  • бірінші кезең - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №716 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына және әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережеге (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21869 болып тіркелген) сәйкес медициналық куәландырудан өту;
  • екінші кезең - кәсіби-психологиялық тестілеу жүргізу;
  • үшінші кезең - дене шынықтыру дайындығын тексеру;
  • төртінші кезең - ЖЖООКБ басшысы жасайтын және бекітетін рейтингілік балл есебіне сәйкес жүзеге асырылатын конкурстық іріктеу.

Конкурстың әрбір кезеңінен бір рет өтуге жол беріледі.

2. Іріктеу комиссиясының құрамын және жұмыс істеу мерзімдерін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штабының бастығы айқындайды.

3. Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша оқыту үшін құжаттар бірінші (4 жылдық оқумен) және екінші курс (5 жылдық оқумен) студенттерінен қабылданады.

Запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша оқыту үшін құжаттар бірінші (3 жылдық оқумен), бірінші және екінші (4 жылдық оқумен) және бірінші, екінші, үшінші курстардың (5 жылдық оқумен) студенттерінен қабылданады.

4. Әскери кафедрада оқу үшін конкурсқа қатысуға ниет білдірген студент осы қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша құжаттарды қоса берумен осы қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті ресімдейді.

5. Медициналық куәландырудан өту үшін студенттерге әскери кафедрада ресімделген медициналық куәландыру карталары (бұдан әрі - 7-нысан) беріледі. Студенттерді медициналық куәландыру жергілікті әскери басқару органдарында қабылдау жылының 1 ақпанынан бастап жүргізіледі. Конкурстық іріктеуге қатысу үшін медициналық куәландыру нәтижелері 7-нысан бойынша іріктеу комиссиясының жұмысы басталғанға дейін 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей әскери кафедраға ұсынылады.

Медициналық куәландырудан өтпеген студенттер конкурсқа жіберілмейді.

6. Студенттердің дене шынықтыру дайындығы осы қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес дене шынықтыру бойынша нормативтерді тапсыру нәтижелерімен бағаланады. Үш нормативті тапсыру сомасы бойынша 9 балл жинамаған (қанағаттанарлық емес бақа нөл деп есептелінеді) немесе нормативтердің біреуін тапсыруға келмеген студенттер конкурс кезеңінен өтпеген болып саналады.

7. Студенттерді кәсіби-психологиялық тестілеу ЖЖООКБ-ның компьютерлік сыныптарында жүргізіледі және ол ынталылық, күйзеліске төзімділік, сыни тұрғыдан және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды.

8. Кәсіби-психологиялық іріктеуден өту және дене шынықтыру дайындығы нәтижелері комиссия мүшелері қол қоятын ведомоста ескеріледі.

9. Іріктеу комиссиясының отырыстары іріктеу комиссиясының төрағасы бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі және "әскери дайындыққа жіберілсін", "ақылы негізде оқу үшін ұсынылсын", "бас тартылсын" деген шешімдердің бірін қабылдай отырып хаттама ресімдеумен сүйемелденеді.

10. Шешім қарапайым көпшілік дауыс берумен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда іріктеу комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

11. Тегін негізде оқу үшін әскери кафедраға бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмірге дейін рейтингіде тұрған студенттер жіберіледі.

12. Конкурс кезеңдерінің нәтижелерімен келіспеген студент сол күні іріктеу комиссиясының төрағасына жазбаша түрде өтініш (ерікті нысанда) жасайды.

13. Өтініштің мәні бойынша хаттамамен ресімделген іріктеу комиссиясының шешімі өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 1 күн ішінде "қанағаттандырылсын" немесе "бас тартылсын" деген тұжырыммен қабылданады.

14. Конкурс нәтижелері іріктеу комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейін келесі күні сағат 17.00-ге дейін әскери кафедраның ақпараттық стендіне орналастырылады.