Білім беру бағдарламаларының тобы: B053 – «Химия»
Бейіндік пәндер: химия және биология
Оқыту тілдері: қазақ және орыс тілдері
Элективті пәндер каталогы
Білім беру бағдарламаларын өзектендіру
6B05304 – «Химия, химиялық инжиниринг» білім беру бағдарламасы химия, химиялық технология және инженерия салаларындағы білім мен практикалық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.
Бағдарлама химиялық зерттеулер жүргізуге, технологиялық процестерді әзірлеуге, жобалауға және жетілдіруге, сондай-ақ заманауи әдістерді, жабдықтарды және цифрлық технологияларды пайдалана отырып, химиялық өнімдерді өндіру мен өңдеуді жүзеге асыруға қабілетті мамандарды даярлайды.
Оқу барысында студенттер химиялық процестердің жүру заңдылықтарын, сапалық және сандық талдау әдістерін, химиялық-технологиялық жабдықтардың жұмыс істеу қағидаларын, өндірістерді жобалау мен модельдеу негіздерін, өнім сапасын бақылау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау әдістерін меңгереді.
Химиялық инжиниринг – шикізатты жоғары сапалы химиялық заттарға, материалдарға және дайын өнімдерге айналдыру процестерін әзірлеу мен оңтайландыру үшін химия, физика, математика, механика және ақпараттық технологиялар салаларындағы білімдерді біріктіретін ғылым мен техника саласы.
Білім беру бағдарламасының мақсаты
Химия саласындағы кәсіби міндеттерді тиімді шешуге, химиялық өндірістердің инновациялық, қауіпсіз, ресурс үнемдейтін және экологиялық орнықты технологияларын әзірлеуге, жобалауға және өндіріске енгізуге қабілетті жоғары білікті химик-инженерлерді даярлау.
Білім беру бағдарламасы химия ғылымдары мен химиялық инженерия саласында іргелі және қолданбалы білім алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ зертханалық зерттеулер жүргізу, технологиялық процестерді басқару, өндірістік деректерді талдау және зертханалық әзірлемелерді өнеркәсіптік деңгейге дейін масштабтау дағдыларын қалыптастырады.
Алынған білім түлектерге күрделі техникалық және ұйымдастырушылық-басқарушылық міндеттерді шешуге, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер жүргізуге, қолданыстағы технологиялық процестерді жетілдіруге және жаңа технологиялар мен материалдарды жасауға мүмкіндік береді.
Түлектердің кәсіби қызмет объектілері
Түлектердің кәсіби қызмет объектілеріне мыналар жатады:
- химия және мұнай-химия өнеркәсібінің кәсіпорындары;
- металлургиялық және тау-кен өндіру кәсіпорындары;
- бейорганикалық заттар мен химиялық реагенттер өндіретін кәсіпорындар;
- лак-бояу материалдарын өндіретін кәсіпорындар;
- фармацевтика және тамақ өнеркәсібінің кәсіпорындары;
- суды тазарту, су дайындау және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындары;
- өндірістік, талдамалық, экологиялық және сынақ зертханалары;
- ғылыми-зерттеу және жобалау институттары;
- стандарттау, метрология және сертификаттау орталықтары;
- санитариялық-эпидемиологиялық және кедендік зертханалар;
- экологиялық мониторинг ұйымдары;
- техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары;
- жоғары оқу орындары;
- инжинирингтік компаниялар және басқа да салалық ұйымдар.
Кәсіби қызмет саласы
Түлектердің кәсіби қызмет саласына мыналар кіреді:
- химиялық және химиялық-технологиялық процестерді әзірлеу және жүзеге асыру;
- химиялық заттар мен материалдарды өндіру және қайта өңдеу;
- технологиялық процестерді ұйымдастыру және басқару;
- химиялық өндірістерді жобалау және жаңғырту;
- зертханалық және өндірістік бақылау;
- шикізаттың, аралық өнімдердің және дайын өнімнің сапасын бақылау;
- химиялық-технологиялық жабдықтарды пайдалану;
- химиялық және физика-химиялық зерттеулер жүргізу;
- өнеркәсіптік экология және қоршаған ортаны қорғау;
- суды және өнеркәсіптік сарқынды суларды тазарту;
- өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату;
- ғылыми-зерттеу және жобалау қызметі;
- өндірісті стандарттау, сертификаттау және метрологиялық қамтамасыз ету.
Түлектер химик-инженер, химик-технолог, химик-талдаушы, өндірістік және ғылыми-зерттеу зертханаларының инженері, сапаны бақылау жөніндегі маман, инженер-эколог, су дайындау және сарқынды суларды тазарту жөніндегі маман, сарапшы-химик және химиялық өндіріс инженері қызметтерін атқара алады.
Кәсіби қызмет пәні
Кәсіби қызмет пәндеріне мыналар жатады:
- химиялық заттар, материалдар және реагенттер;
- шикізат, аралық өнімдер және дайын өнім;
- химиялық реакциялар, процестер мен құбылыстар;
- химиялық өндірістердің технологиялық сызбалары;
- химиялық реакторлар, аппараттар және өндірістік жабдықтар;
- жылу және масса алмасу процестері;
- сапалық және сандық химиялық талдау әдістері;
- физика-химиялық зерттеу әдістері;
- суды тазарту және су дайындау процестері;
- өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу технологиялары;
- химиялық-технологиялық процестерді модельдеу және оңтайландыру әдістері;
- өндірістік және экологиялық бақылау жүйелері;
- нормативтік-техникалық және жобалық құжаттама.
Кәсіби қызмет түрлері
6B05304 – «Химия, химиялық инжиниринг» білім беру бағдарламасының бакалаврлары кәсіби қызметтің мынадай түрлерін орындай алады:
- өндірістік-технологиялық;
- ұйымдастырушылық-басқарушылық;
- жобалау-конструкторлық;
- тәжірибелік-зерттеу;
- есептік-жобалау;
- бақылау-талдамалық;
- экологиялық;
- ғылыми-зерттеу.
Кәсіби қызмет функциялары
Химик-инженерлер химиялық және химиялық-технологиялық процестерді әзірлеуге, ұйымдастыруға және бақылауға байланысты кең ауқымды қызметтерді атқарады.
Атқаратын лауазымына байланысты түлектер мынадай функцияларды орындай алады:
- Шикізатты дайындау: сынама алу, бастапқы шикізаттың құрамы мен қасиеттерін анықтау, материалдар мен реагенттерді технологиялық өңдеуге дайындау.
- Химиялық талдау жүргізу: шикізатқа, аралық өнімдерге және дайын өнімге сапалық және сандық талдау жүргізу.
- Физика-химиялық зерттеулер: спектрлік, электрохимиялық, хроматографиялық, термиялық және басқа зерттеу әдістерін қолдану.
- Технологиялық процестерді ұйымдастыру: өндірістік учаскелердегі химиялық-технологиялық процестерді сүйемелдеу және бақылау.
- Ерітінділер мен реагенттерді дайындау: технологиялық, стандартты және көмекші ерітінділердің құрамын есептеу және оларды дайындау.
- Химиялық реакцияларды басқару: температураны, қысымды, концентрацияны, процестің ұзақтығын және басқа технологиялық параметрлерді таңдау және бақылау.
- Реакторлар мен аппараттарды пайдалану: химиялық-технологиялық жабдықтарды іске қосу, баптау, бақылау және қауіпсіз пайдалану.
- Технологиялық режимдерді бақылау: процестердің параметрлерін бақылау, ауытқуларды анықтау және жабдықтардың жұмыс режимдерін түзету.
- Материалдық және жылулық есептеулер: химиялық-технологиялық процестердің материалдық және жылулық баланстарын құрастыру.
- Процестерді масштабтау: зертханалық технологияларды тәжірибелік-өнеркәсіптік және өнеркәсіптік деңгейге көшіру.
- Өндірістерді жобалау: технологиялық сызбаларды әзірлеу, жабдықтарды таңдау және инженерлік есептеулер жүргізу.
- Процестерді модельдеу: химиялық өндірістерді модельдеу және оңтайландыру үшін арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді және жасанды интеллект әдістерін қолдану.
- Сапаны бақылау: шикізат пен дайын өнімнің белгіленген стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкестігін бағалау.
- Зертханаішілік бақылау: химиялық талдау нәтижелерінің дәлдігін, қайталанғыштығын және дұрыстығын қамтамасыз ету.
- Жаңа материалдарды әзірлеу: берілген қасиеттері бар химиялық заттарды, құрамдар мен материалдарды жасау және зерттеу.
- Жаңа технологияларды әзірлеу: қолданыстағы химиялық-технологиялық процестерді жетілдіру және инновациялық технологиялар жасау.
- Суды тазарту: су дайындау, өнеркәсіптік және тұрмыстық сарқынды суларды тазарту процестерін ұйымдастыру.
- Қалдықтарды қайта өңдеу: өнеркәсіптік қалдықтарды залалсыздандыру, кәдеге жарату және кешенді қайта өңдеу технологияларын әзірлеу және қолдану.
- Экологиялық бақылау: шығарындыларды, төгінділерді және қалдықтарды бақылау, химиялық өндірістердің қоршаған ортаға әсерін бағалау.
- Өнеркәсіптік қауіпсіздік: химиялық заттармен қауіпсіз жұмыс істеуді және еңбекті қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.
- Жабдықтарға техникалық қызмет көрсету: жабдықтардың жағдайын диагностикалау, техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру және жөндеу жұмыстарына қатысу.
- Құжаттаманы әзірлеу: технологиялық регламенттерді, өндірістік нұсқаулықтарды, зертханалық журналдарды, есептерді және техникалық тапсырмаларды дайындау.
- Өндірісті ұйымдастыру: өндірістік бөлімшелердің жұмысын жоспарлау, үйлестіру және бақылау.
- Персоналды басқару: зертханалар, технологиялық учаскелер және өндірістік бөлімшелер қызметкерлерінің жұмысына басшылық жасау.
- Ғылыми зерттеулер жүргізу: эксперименттерді жоспарлау және өткізу, нәтижелерді өңдеу және ғылыми-техникалық есептер дайындау.
- Сараптамалық қызмет: химиялық сараптама, сертификаттау сынақтарын және өнімнің сәйкестігін бағалауды жүргізу.
- Техникалық-экономикалық бағалау: технологиялық шешімдердің тиімділігін, шикізат пен энергия шығынын, сондай-ақ өнімнің өзіндік құнын анықтау.
Оқу процесі
Мамандарды даярлау жалпы білім беретін, базалық және бейіндеуші пәндер, сондай-ақ жоғары оқу орны компоненті мен білім алушының таңдауы бойынша компонент пәндері негізінде жүргізіледі.
Білім беру бағдарламасы аясында студенттер мынадай пәндерді оқиды:
- аналитикалық химия;
- бейорганикалық химия;
- органикалық химия;
- физикалық және коллоидтық химия;
- химиялық кинетика және катализ;
- химиялық технология негіздері;
- химиялық технологияның негізгі процестері мен аппараттары;
- химиялық реакторлар мен аппараттар;
- жылу және масса алмасу процестері;
- химиялық-технологиялық процестерді модельдеу;
- химиялық өндірістерді жобалау;
- бейорганикалық өндірістердің технологиялық процестерінің теориясы;
- электрохимия;
- спектрлік талдау әдістері;
- физика-химиялық зерттеу әдістері;
- химиялық талдау сапасын зертханаішілік бақылау;
- химиялық талдау нәтижелерін өңдеу;
- суды тазарту және су дайындау;
- химиялық өндірістің өнеркәсіптік қалдықтарын қайта өңдеудің перспективалы технологиялары;
- жасанды интеллект негіздері;
- еңбекті қорғау және тіршілік қауіпсіздігінің негіздері.
Практикалық даярлық және серіктестер
Кәсіби құзыреттерді қалыптастыру және практикалық даярлықты ұйымдастыру мақсатында мынадай кәсіпорындармен және ұйымдармен ынтымақтастық туралы шарттар жасалған:
- «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» АҚ;
- «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ;
- «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ;
- «Қазмырыш» ЖШС;
- «Eurasian Minerals Trade» ЖШС;
- «ҚазСтандарт» РМК Шығыс Қазақстан филиалы;
- «СИНЕРКОН» ЖШС;
- «Согра ЖЭО» ЖШС;
- «Өскемен ЖЭО» ЖШС;
- «Өскемен Водоканал» ШЖҚ МКК Инженерлік құзыреттер орталығы;
- «Эмиль» ЖШС;
- басқа да химиялық, металлургиялық, энергетикалық, өндірістік және ғылыми-зерттеу ұйымдары.
Кәсіпорындармен ынтымақтастық студенттерге оқу және өндірістік практикадан өтуге, жұмыс істеп тұрған зертханалар мен өндірістер базасында зерттеулер жүргізуге, практикалық міндеттерді шешуге қатысуға және білім беру бағдарламасын аяқтағаннан кейін кәсіби қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді.
Соңғы өзгерістер күні:19.11.2026