Қазақстанда жас сарапшылар кеңесі құрылады.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жастар саясаты департаменті Қазақстан жастарының Конгресімен бірлесіп 2010 жылғы 23-24 қарашада Алматы қаласында Саясаттанушылар мен әлеуметтанушыларының І Орта Азиялық Конвентін өткізеді.
Оған 7 облыстан және Астана мен Алматы қалаларынан 20 ЖОО, ғылыми-зерттеу институты және сараптамалық құрылымдардан студенттер, магистранттар, докторанттар және жас оқытушылар қатысады.
Конвенттiң жұмысына барлығы 104 делегат қатысады.
Іс-шараға Е.Карин («Нұр Отан» ХДП), Н.Сейдін (Президент жанындағы ҚСЗИ), Р.Қадыржанов (Философия және саясаттану институты), Алексей Власов (М.В.Ломоносов атындағы ММУ), Ғ.Иренов (Саяси зерттеулер аймақтық орталығы), Қ.Иманалиев (Қырғыз Республикасы Парламентінің депутаты) және басқа да еліміздің белгілі саясаттанушылары мен әлеуметтанушылары шақырылды.
2010 жылғы 23 қарашада Қарғалы пансионатында сағат 10:30 ҚР Тәуелсіздігінің 19-жылдығына арналған «Қазақстан және Орта Азия: бір бастау, түрлі жолдар» тақырыбы бойынша Пленарлық отырыс өтеді.
Сол күні 3 секциялық отырыс жоспарлануда:
- Орта Азиядағы саяси процесстер.
- Отандық саясаттанудың даму мәселелері.
- Қазақстан Тәуелсіздігінің 20-жылдығы: Қазақстан брэнді және оның болашағы.
Іс-шара барысында 2020 жылға дейінгі Қазақстан даму стратегиясына көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, «Қазақстан портреті – 2020: болашақ, болжамдар және сценарийлер» интерактивтік ойыны өткізіледі. Мұнда жас сарапшылар 3 топқа бөлініп, еліміздің дамуы бойынша өз болжамдарын ұсынады.
Конвент Қазақстан сарапшылар желісінің (kaznetexpert) Бірінші жұмыс жиынымен аяқталады.
Іс-шара нәтижесінде Жас сарапшылар бірлестігі, олардың деректер базасы құрылады және мемелекеттік жастар саясатының іске асу барысын сараптауға саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың қатысуының негізі механизмдері анықталады.