Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Ғылым туралы» заң жобасын бастапқы оқуда мақұлдауы туралы хабарды Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ғалымдары үлкен қанағаттанарлық сезіммен қабылдады, өйткені, университет, заң жобасына өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізе отырып, оны әзірлеудің барлық кезеңінде және содан кейін де, құжаттың толық әзірленуіне белсене қатысты.
Бірінші кезекте жаңа Заңның инновациялық бағытталуын айта кету керек, ол аймақтық университеттерді инновациялық экономиканың өсу көздері ретінде қарастырып, жоғары білімді басқару мен ұйымдастыру жүйесіне деген жаңа көзқарасты қалыптастырады. Университеттің мемлекеттік жоғары оқу орындарына шағын инновациялық кәсіпорындар құруға рұқсат беру туралы ұсынымы алғаш рет заң жобасында ескерілгені бізді өте қуантады. Бұл шара осындай университеттің айналасында қолданбалы бейіндегі ғылыми ұйымдар, жоба институттары, бизнес-инкубаторлар, технопарктер сияқты, алдыңғы қатарлы технологиялар орталықтарын қалыптастыруға, ғылыми, ғылыми-технологиялық қызмет нәтижелерін коммерциялау үшін жоғары технологиялық кәсіпорындар ареалын дамытуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытқа дейін университеттердің саралануы мемлекеттік, не болмаса қоғамдық деңгейде жүргізілмей, оларды іріктеу қағидалары мен критерийлері, жұмыс істеу ерекшеліктері, бұларды құру мен қаржыландырудың нормативтік базасы нақтыланбаған еді. Осыған байланысты заңда алғаш рет зерттеу университеттері туралы ережелер енгізіліп отырғанын айта кеткім келеді. Бұл шараның қажеттілігі заманауи жағдайына және әлемдік беталысына негізделіп отыр. Оны іске асыру заң жобасының жаңашылдық рухына сәйкес келеді, себебі, ол әлемдік ғылыми-білімділік кеңістікпен бірлесуге және ғылыми білімді соңғы инновациялық өнім етіп коммерциялауға бағытталған. Мұндай университеттер алдыңғы қатарлы бейіндік ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, саланы дамытушы ғылыми-зерттеу бағдарламаларын әзірлеп, білім, ғылым мен өндірістің бірлесуіне шынайы үлес қоса алады. Бұлардың негізінде экономиканың шынайы секторында жұмыс істеуге қабілетті, тәуекелдікке бара алатын, жаңашылдық пен бастамашылдықты көрсете білетін, қабылданған шешімдер үшін жауапты болудан бас тартпайтын болашақ ғылыми кадрлар мен кәсіпкерлер дайындауға мүмкіндіктер береді.
Сондай-ақ заң жобасы ең алғаш рет ғылыми жобаларды басқару жүйесін енгізуді қарастырды, ол демократиялылық және айқындылық қағидаларына негізделеді, сонда ғылыми басымдықты ғылым қоғамдастығы өзі нақтылап, ғылыми зерттеулер нәтижелерін сараптауға, бағалауға, қабылдауға өзі қатыса алады. Бұған бірінші кезекте ғылым саласын қамтамасыз ету жүйесінің мемлекеттік сатып алу туралы заңының ықпалынан шығуы көмектеседі.
Ғылымды қаржыландырудың ұсынылып отырған үш деңгейлі жүйесі (базалық, гранттық және бағдарламалы-мақсатты) ғылымның мазмұндылық бөлігін де, сондай-ақ инфрақұрылымдық бөлігін де дамыту мүмкіндігін кеңейте түседі. Осылай ажыратып бөлу зертханалық ғылыми-зерттеу базасын базалық қаржыландыру есебінен қолдауға және дамытуға мүмкіндік береді. Бұл еліміздің жоғары оқу орындары үшін өте маңызды.
Гранттық және бағдарламалы-мақсатты қаржыландыру ғылыми зерттеулерді нақты тақырыптамалар бойынша іске асыруға бағдарланған, олар соңғы нәтижені қамтамасыз етеді. Гранттық сұлба әрбір ғалымның шығармашылық әлуетін дамытудың зор уәждемесі бола алады, ол белсенді зерттеу қызметін жүргізуге бұрынғыдай ғылыми ұйымды ынталандырмай, ғалымдар топтарын ынталандырады.
Жаңа заңның тағы бір маңызды сәті әлеуметтік тұрғыдан бағдарлану болып табылады, бұл мәселелерге заң жобасының бүкіл бір тарауы арналған. Ғалымдарға еңбек ақы төлеу мәселелері, ғылыми ұйымдар қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шаралары жемісті ғылыми шығармашылық үшін өте өзекті болып табылады.
Қорытындылай келе, жақын арада Мәжіліспен мақұлданған заң жобасы еліміздің Парламенті Сенатымен қысқа мерзімде қарастырылып, оған қолдау көрсетілетін болады деген сенім білідіреміз, сонда біз Жаңа 2011 жылдан бастап өз ғылыми қызметімізді ғылым саласындағы көптен күткен жаңа құжатпен сәйкестендіре аламыз.
Жеңіс Құлсейітов Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ бірінші проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор