Еліміздің болашағы үшін тек білімді жастарды өсіру аздық етеді, бойына рухани құндылықтарды дарыта білген жас буын өкілдерін тәрбиелеп шығарғанда ғана Қазақ елі ғасырлар белесінен сүрінбей өтетіні хақ.

Осыған орай, университетімізде Мектептер деңгейінде «Жастар тәрбиесі мен құндылықтар тәрбиесі» атты тақырыбында ақпараттық технологиялар және зияткерлік жүйелер мектебінің аға оқытушысы, әрі куратор Роза Нұрсадықова ашық кураторлық сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты жастар тәрбиесіндегі басым бағыттардың бірі тарихымыздың тереңінен бүгінге дейін жеткен ұлтымыздың рухани құндылықтарын негізге ала отырып, тілі мен мәдениетіне құрметпен қарайтын, дәстүрін сыйлайтын жастарды тәрбиелеу.

Өткізілген шара студенттер топқа бөлініп, пікірталас пен сұрақтарға жауап беруден, әртүрлі ситуациялық роликтерді талқылап, өз пікірлерін ортаға салудан тұрды. Модераторлар рөлінде 20-ИСК-1 тобының студенттері Аслан Ғазизов, Шынар Асқарова, Мадина Құмарғазы, Сұлтан Шаяхмет, Ақбота Советбекова және 20-ВТК-1 тобынан Қымбат Мырзағалиева, ал қатысушы топтар 20-АУК-1, 20-РТК-1 студенттері болды. Қонақ ретінде әлеуметтік-мәдени қызмет және жастар саясаты басқармасынан Мансия Амринова, ақпараттық технологиялар және зияткерлік жүйелер Мектебінің декан орынбасары Гульназ Жомартқызы, мектеп кураторлары және оқытушылары шақырылды.

Студенттер белсенділік танытып, өз ойларын күнделікті кезігетін оқиғалар мен мысалдар негізінде еркін жеткізді. Шара соңында ең белсенді студенттер марапатталып, қонақтар өз ойларымен бөлісіп, студенттерге ақыл-кеңестерін берді. Барлық қатысушылар өздері үшін құнды ой түйіп, керемет көңіл күймен тарқасты.

Ақпараттық технологиялар және зияткерлік жүйелер мектебінің аға оқытушысы,
әрі куратор Нурсадыкова Роза Канашевна