Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 2 ақпандағы жарлығымен Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын бекітті. Құжатта ағымдағы жағдайға талдау жасалып, алдағы жылдарда шешілетін міндеттер айқындалған. Тұжырымдама зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге тұтастай алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат сыбайлас жемқорлық экономикалық және беделі жағынан тиімсіз болатын жағдайларды жасауға бағытталған.

Осыған орай тұжырымдаманың негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша жиын өтті. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің бас маманы Гульнур Бекбаева студентермен кездесу өткізді.

Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа назар аударылғандығы, әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша парақорлықтың үлкен үлесі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен байланысты екенін де атап өтіп, халық арасында пара беру жолының азаймағандығы туралы кеңінен сөз қозғап, ерекше тоқталды. Студенттерге бопсалау немесе қандай да бір заңсыз төлемдерді ұсыну қажет болған жағдайда, еліміздің әрбір азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке колл-орталықтың 1424 телефон нөмірі бойынша жүгініп, өзінің азаматтық борышын орындай алатындықтарын ескертті. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді тетіктерді қалыптастыру бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқандығын жеткізді.