«Digital Social Research» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы қызметінің маңызды бағыттарының бірі – дарынды жастарды ғылыми жұмысқа тарту. Міне, бір мысал.
2025 жылдың 12-16 шілде аралығында орталығымыздың ғылыми қызметкері Аяужан Қаматаева,
өкілі Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында өткен Саяси ғылымдар жөніндегі 28-ші дүниежүзілік конгреске қатысты. Конгрессті Халықаралық саяси ғылымдар қауымдастығы (IPSA) ұйымдастырды. Бұл іс-шара IPSA-ның 76 жылдық тарихындағы ең ауқымды конгресс болып танылып, әлемнің түкпір-түкпірінен 3 500-ден астам қатысушыны жинады.
Конгресс бағдарламасы 6 274 ғылыми баяндама өтінімінің негізінде қатаң іріктеу арқылы жасақталып, саяси ғылымның тақырыптық және географиялық тұрғыдан сан алуандығын көрсетті. «Авторитаризм, популизм және қоғамның жіктелуі» атты басты тақырып аясында жетекші ғалымдардың қатысуымен ұйымдастырылған панельдер, 50-ден астам зерттеу комитеттерінің сессиялары және бейресми, еркін форматтағы талқылау алаңдары өткізілді. Атап айтқанда, әдіснама мен ғылыми жарияланымдар тақырыбындағы "ғылыми кафе" үлгісіндегі түскі кездесулер жас зерттеушілер мен тәжірибелі мамандар арасында еркін байланыс орнатуға септігін тигізді.
Басты баяндамашылар қатарында:
- БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун — «Либералды демократия, көпжақты серіктестік және жаһандық азаматтық» тақырыбында;
- Профессор Донателла Делла Порта — «Академиялық еркіндіктің дауылды саясаты: әлеуметтік қозғалыстар мен репрессиялар»;
- Профессор Неера Чандхоке — «Оңтүстік Азиядағы заңдық авторитаризмге қарсы тұру» тақырыбында баяндама жасады.
Қатысушылар үшін ерекше әсерлі сәт - Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мёңнің құттықтау сөзі болды. Ол демократиялық құндылықтардың уақытпен бірге өзгеріп, бейімделуі қажеттігін атап өтіп, жаһандық саяси өзгерістерге дайын болуға шақырды. Оның баяндамасы, әсіресе, жоғарыдан төмен және төменнен жоғары бағыттағы аралас демократиялық даму жолын зерттеп жүрген институт өкілі үшін ерекше мәнге ие болды.
Институтымыздың өкілі Конгресс аясында «Қазіргі саясаттағы жергілікті деңгей: көпдеңгейлі үдерістер және олардың әсері» атты панельге қатысып, азаматтардың саяси мінез-құлқы мен көпдеңгейлі басқару жүйесіндегі айдентитикалық сәйкестік логикасына қатысты зерттеу нәтижелерін ұсынды. Панель сессиясында Италия, Германия, Түркия, АҚШ, Индонезия, Испания және басқа елдердің белді ғылыми мекемелерінің өкілдері бас қосты.
Бұл конгреске қатысу - ғылым мен білім алмасудың тамаша алаңы болумен қатар, Оңтүстік Кореяның мәдениетімен, қоғамымен және саяси тәжірибесімен терең танысуға мүмкіндік берді. Мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар институтымыздың және, жалпы, қазақстандық әлеуметтік ғылымдардың әлеуетін арттырып, оны халықаралық ғылыми қауымдастыққа таныстырудың маңызды қадамы екеніне сенімдіміз.