18 мамырда негізгі ҰБТ-2023 басталды, ол 5 шілдеге дейін жалғасады. 166 мың талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мың өтініш берген. Оның ішінде тапсырушылардың 75% – ы қазақ тілінде, 25% - ы орыс тілінде, 243 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астана қаласында орналасқан тестілеу орталығына барып, ҰБТ-ның өту барысымен танысты.
«Осы жылдан бастап біз барлық талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге байланысты ерекше мүмкіндік беріп отырмыз. Енді сіздер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижемен грант конкурсына қатысуға қатыса алады. Бүгін Қазақстанда біз шекарасыз білім беруге ұмтыламыз. Сіздердің сапалы білім алып, өз әлеуетіңізді толық ашу үшін мүмкіндік жасаймыз», - деп атап өтті Саясат Нұрбек тестілеуге келген түлектерге.
Атап өтсек, талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдады. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгіледі. Комбинацияларға келетін болсақ, қазіргі таңда талапкерлердің 18%-ы «Математика-Физика», 17%-ы «Биология-Химия», 13%-ы «Шығармашылық», 10%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады.
Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Пәндер саны өзгеріссіз қалады, яғни үш міндетті және екі бейіндік пәндер, барлығы 120 тест тапсырмасы. Алайда, «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады: 1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған; 11-ден 20-ға дейін – контекстке негізделген бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары (5 сұрақтан 2 контекстік мәтін). Сондай-ақ, бұған дейін талапкерлерге оқу сауаттылығынан 20 тест тапсырмасы берілсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы ұсынылады.
Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады.
ҰБТ тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Жауапты Министрлік тест тапсырмаларында дистракторлар санын (жауап нұсқалары) қысқарту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды.
2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша ҰБТ тапсырады.
«Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты сақталады. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни, ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Сонымен қатар, калькулятор мен Менделеев кестесі компьютер экранында көрсетіледі. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, негізгі ҰБТ-да оларға Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесінің қағаз нұсқасы беріледі. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады», - деді министр.
Шекті балл өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл; ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек.
Тестілеуге кіргізу кезінде қол және рамалық металл іздегіштер пайдаланылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ережелерді бұзу мен тыйым салынған заттарды (ұялы телефон, шпаргалка және т.б.) алып өтудің алдын алу үшін қажет.
Тестілеу барысында аудиторияның (компьютерлік сыныптың) және бейнебақылаудың ауданына байланысты рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұтқыр және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар қолданылады.
2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.