Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ – да 1985 жылы жол-құрылыс факультетін бітірген түлектер 30 жылдық мерекесін атап өтті. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев, «К-Дорстрой» АҚ вице-президенті Серік Рамазанов, «Виртген» ЖШС-нің Қазақстан мен Орта Азиядағы өкілдігінің директоры Амангелді Елғонов және басқа да түлектер бар. Кездесуге Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов, «Казахавтодор» РМК бас директоры Серік Ақтанов, «Экономикалық теория және нарық» кафедрасының меңгерушісі Юрий Баталов, «Ғимараттар, үйлер мен транспорт коммуникацияларын салу» кафедрасының аға оқытушысы Владимир Савченко қатысты.
Университеттің бас корпусына экскурсиядан соң ЖОО-ның басшылығымен және оқытушыларымен әңгіме болды. Онда «ШҚМТУ-ӨҚЖИ» түлектерінің көпшілігі өмірде өз орындарын тапқаны, жоғары кәсіби маман болғаны атап айтылды. Олар таңдаған мамандықтарына адал, университетте алған білімдерін шебер пайдаланады. Маман болып қалыптасқан түлектер туған университетімен байланысты үзбейді.
- Университетке келген сайын оңды өзгерістерді көріп қуанамыз, материалдық-техникалық база нығайып келеді, оқу құралдары жаңаруда, заманауи зертхана қондырғылары алынуда, - деді Мереке Пішембаев. - ЖОО өміріне араласып тұрамыз, оның беделін арттыруға көмектесеміз.
Әңгімеде жол құрылысы инженерлерін сапалы даярлауға әрдайым зор көңіл бөлінетіні атап көрсетілді. Қазір бұл мамандыққа сұраныс елімізде өте жоғары. Бұрынғы түлектер жұмыс беруші ретінде ЖОО-ға «көлік құрылысы» мамандығы бойынша жас кадрлар даярлауға және оларды кейін жұмысқа орналастыруға әзір екендіктерін білдірді.