Бүгін ақпан айының үздік қызметкерлері анықталды. Еске сала кетейік, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Айдың үздік қызметкері» байқауы жүзеге асырылып жатыр. Конкурс қатысушылары университеттің дамуына үлестерін қосып, инновациялық бастамаларын ұсынады.
Мәселен, машина жасау Мектебі деканының орынбасары Самат Байгереев автоматтандырылған режимде студенттердің сұрақтарына жауап беретін Telegram-бот түрінде деканаттың виртуалды қызметкерін құру идеясын ортаға салды. Сонымен қатар, машина жасау мектебінің деканатына QR-кодтар технологиясын енгізу керектігін алға тартты. Бұл білім алушыларға жоғары жылдамдықты режимде деканның және декан орынбасарының өтініш үлгілерін, визит карточкаларын ұялы телефонға жүктеуге мүмкіндік береді.
ШҚТУ-дың жоғары IT-колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шахрам Солтанбекова Г-3 корпусының 5 қабатында "Адалдық дүкенін" ашуды ұсынды.
«Бұл өскелең ұрпақтың бойында адалдық пен шынайылық туралы түсінік қалыптастыруға, өз ойларының, сөздері мен іс-әрекеттерінің тазалығы үшін жауапкершілікті тәрбиелеуге бейімдейді, дейді Шахрам Солтанбекова.
Жеңімпаздар ұсынған жобаларын ары қарай жүзеге асыратын болады. Сыйақы ретінде оларға үстем ақы төленіп, грамоталар табысталды.