Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде басқарма төрайымы – ректор Сәуле Жәдігерқызы Рахметуллинаның университет қызметінің қорытындыларын шығару және оның одан арғы стратегиялық даму бағыттарын айқындауға арналған брифингі өтті. Іс-шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары, серіктес кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен ата-аналар қатысты.
Өз есебінде Сәуле Жәдігерқызы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университ академиялық сапаны, инновациялық дамуды және әлеуметтік миссияны ұштастыра отырып, Қазақстандағы жетекші инженерлік жоғары оқу орны ретіндегі орнын нықтай түскенін атап өтті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша студенттер контингенті 6 518 адамды құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 7 524-ке дейін өсті. Түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі тұрақты түрде 96%-ды құрайды. Шетелдік студенттердің саны 2022 жылы 70 болса, 2024 жылы 181-ге жетті, ал жаңа оқу жылында олардың саны 16 елден 215 адамға дейін өседі деп күтілуде. Университеттің профессор-оқытушылар құрамының 48%-ы ғылыми дәрежеге ие, ал өндірістен келген практик-мамандардың үлесі 21%-ды құрайды. Coursera платформасында 3 210 студент білім алып, жалпы саны 5 451 халықаралық сертификатқа ие болды. Erasmus+, Horizon Europe, DAAD және BMBF халықаралық бағдарламалары аясында 10 білім беру бағдарламасы мен 67 шетелдік профессор тартылған.
ШҚТУ UI Green Metric халықаралық рейтингі бойынша Қазақстанда 1-орынды және әлемде 97-орынды иеленіп, экологиялық әсер, түлектерді жұмыспен қамту және инновациялық белсенділік көрсеткіштері бойынша ұлттық көшбасшылар қатарына енді. Университет ғылыми-зерттеу қызметін белсенді дамытып келеді, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардан түскен табыс ғылым бюджетінің 33%-ын құрап, соңғы жылдардағы рекордтық нәтижеге жетті. 2024 жылы «Industrial AI» құзыреттер орталығы ашылып, Қазақ-неміс ғылым және технология институты құрылды, сондай-ақ «Алтай» технопаркі қайта жаңғыртылып, өңірлік ғылым, бизнес және білім интеграциясының орталығына айналды. Университет медициналық инжиниринг, реверс-инжиниринг, энергия тиімді технологиялар, цифрлық жобалау және жасанды интеллект бағыттарында жобаларды жүзеге асырып келеді.
Университет тұрақты даму мен цифрлық трансформация саясатын жүйелі түрде ілгерілетіп отыр. ШҚТУ «Жасыл университет» ұлттық санатында көшбасшы деп танылды, Тұрақты даму офисі құрылды, жеті экоклуб жұмыс істейді. Германия Елшілігінің қолдауымен ашылған Александр фон Гумбольт атындағы орталық- экология және климаттық инновациялар саласындағы халықаралық зерттеулер алаңына айналды.
Университет дамуының маңызды бағыты – цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу. Біз өнеркәсіп саласына арналған интеллектуалды шешімдерді әзірлейтін «Industrial AI» құзыреттер орталығын аштық, «Цифрлық кампус» жобасын іске асырып жатырмыз. Бұл жобаға прокторинг жүйесі, студенттерге арналған Telegram-бот, iGPA модулі және жасанды интеллект негізіндегі аналитикалық платформалар кіреді. 2024 жылы жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бойынша жаңа білім беру бағдарламалары әзірленіп, енгізілді. Олардың қатарында АЭжБУ және ХАТУ университеттерімен бірлескен «Жасанды интеллект» пәнаралық бағдарламасы бар. Huawei ICT Academy аясында 57 студент оқудан өтіп, оқытушылар халықаралық деңгейдегі Huawei Certified Instructors сертификаттарына ие болды.
Даму стратегиясы аясында университет бірнеше маңызды бастамаларды жүзеге асыруда. Олардың қатарында индустриялық интеллект пен цифрландыруды дамыту, халықаралық ықпалдастық пен қос дипломды бағдарламаларды кеңейту, қолданбалы зерттеулер мен технология трансферінің үлесін арттыру, «жасыл» шешімдер мен тұрақты даму жобаларын енгізу, сондай-ақ студенттердің инженерлік және азаматтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын оқу-тәрбие үдерісіне енгізу.
Сәуле Жәдігерқызы атап өткендей, ШҚТУ – инженерияны, инновацияны және гуманистік құндылықтарды біріктіретін университет, мұнда Қазақстанның болашағын жасай алатын жаңа буын инженерлері қалыптасуда.
Ректордың есебі брифингке қатысушылар тарапынан оң бағаланды. Серіктес кәсіпорындардың өкілдері түлектердің жоғары кәсіби даярлығын және университет пен өндіріс арасындағы тиімді ынтымақтастықты атап өтті. Қоғамдық ұйымдар мен облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері университеттің жастарды тәрбиелеуге, волонтёрлік пен патриоттық қозғалыстарды дамытуға қосқан зор үлесіне ризашылықтарын білдірді.
Брифинг нәтижелері Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің тұрақты даму, цифрлық трансформация және халықаралық мойындау стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асырып, Қазақстандағы инженерлік білім берудің тірек орталығы болып қала беретінін көрсетті.










