Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жанынан «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Жарғысы мен Ережесіне сәйкес жаңа бөлімше ашылды. Бұл бастама жоғары білімді жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға, олардың саяси және әлеуметтік өмірге араласуына септігін тигізеді деп күтілуде. Бөлімшенің жетекшісі ретінде 22-ТФК-1 тобының студенті Талғарбек Перизат Төраға етіп тағайындалды.

Аталмыш бөлімше ШҚТУ-дың Жоғары IT колледжінде ашылып, жетекшісі Кеңес Ақгүл тағайындалды. Қос жетекшінің тәжірибесі мен көшбасшылық қасиеттері осы жобаға жаңа серпін беріп, жастарды патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуге мүмкіндік тудырады.

Атсалысып белсенділік байқатқан студенттер үшін Интегральды GPA бойынша білім алушының әлеуметтік құзіреттегі жетістіктері бойынша көрсеткіштерді иемдене алады.

Шараға «Жастар Рухы» жастар қанатының Шығыс Қазақстан облысы филиалының өкілдері мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Жоғары ІТ колледж студенттері қатысты. Салтанатты жиында жастардың еліміздің болашағына ықпал ету үшін қажетті білім мен дағдыларды игеріп, өздерін қоғамда белсенді тұлға ретінде көрсету керектігі айтылды.

Бұл бастама жастардың тек білім алуымен шектелмей, оларды саяси, әлеуметтік және мәдени өмірге белсене қатысуға, өз пікірін білдіруге және ұлттық құндылықтарды сақтауға бағыттайды. Сонымен қатар, «Жастар Рухы» жастар қанатының бөлімшесі университет және ІТ колледж қабырғасында жаңа бір рухани алаңның ашылуына себеп болып отыр, бұл жастардың өз идеяларын жүзеге асырып, бірлесе жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің қабырғасында ашылған бөлімшелер жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, болашақта көптеген әлеуметтік жобалар мен бастамаларды іске асыруға жол ашады. Университетіміздің барлық студенттері үшін бұл маңызды кезең болып табылады. Сонымен қатар, жастарға көмек көрсетіп, олардың дамуына ықпал ету мақсатында осындай бөлімшелердің ашылуы Қазақстанның болашағына зор үлес қосатыны сөзсіз.

Жастарымыздың қолында үлкен мүмкіндіктер мен жауапкершілік жатыр. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, елімізді өркендету жолында өз үлесін қосатын жастардың саны көбейе түседі деген сенімдеміз.