Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында құқық қорғау және қоғамдық құрылым өкілдерінің қатысуымен профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараға Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Мұзтауов Ж.Б. және «ESBOL QORY» өңірлік фронт-офисінің жетекшісі Төлеубекова Л.Т. қатысты.

Кездесу барысында «Дропперлік: қылмыстық схемаларға тартылу қаупі және құқықтық жауапкершілік, цифрлық гигиена» тақырыбында дәріс оқылды. Қатысушыларға интернет-алаяқтық, қаржылық пирамидалар және заңсыз ойын бизнесіне қатысты өзекті қауіптер түсіндіріліп, интернет-гигиена қағидаларын сақтау маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, есірткіге тәуелділіктің алдын алу және жастардың «закладчик» қызметіне тартылуы мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Студенттер белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауаптар алды. Сонымен қатар, қатысушыларға жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған еріктілер қатарына қосылу мүмкіндігі ұсынылды.