Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да «Индустрияландыру үшін кадр даярлаудың перспективалы бағыттары» тақырыбына дөңгелек үстел мәжілісі өтті. «Alan Motors»ЖШС, «УКТМК» АҚ, «Азия Авто» АҚ өкілдері, ШҚМТУ проректорлары, кен-металлургия, машина жасау кешендері үшін мамандар оқытатын кафедралардың меңгерушілері қатысты.
Мәжілісте болашақта еліміздің өнеркәсіп кешендерінде жұмыс істейтін машина жасау және металлургия саласына жаңа тұрпаттағы мамандар даярлау мәселелері сөз болды. Ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Олег Гавриленко техникалық білім және мамандар даярлау сапасын арттыру мақсатында университет оқытушылары мен кәсіпорындар мамандарының күшін біріктіру басты роль атқаратынын айтты.
«Технологиялық машиналар мен қондырғылар» кафедрасының меңгерушісі Дастан Елемес, «Транспорт және логистика» кафедрасының меңгерушісі Владимир Вдовин, «Химия, металлургия және байыту» кафедрасының меңгерушісі Наталья Куленова екінші инновациялық-индустриялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына қатысушы кәсіпорындар үшін «Машина жасау» және «Металлургия» салалары бойынша салалық магистратуралардың білім беру бағдарламаларын жасау және жүзеге асыру жайлы баяндады. ШҚМТУ-дың түлектерін жұмысқа орналастыру жөнінде атқарылып жатқан шаралар туралы ЖОО-ның оқу-әдістемелік бөлімінің бастығы Гаухар Тәжібаева ақпарат берді.
«УКТМК» АҚ өндірістік-техникалық басқармасы бастығының орынбасары – бас технологы Арман Халелов, «Alan Motors»ЖШС техникалық директоры Егор Корнеев, «Азия Авто» АҚ автомобильдерді конвейерлік құрастыру учаскесінің бастығы Андрей Рыльский бағдарламаға қатысу туралы ойларын ортаға салды.