2025 жылдың 28 сәуірінен бастап Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің (ШҚТУ) делегациясы Пәкістан Ислам Республикасының астанасы Исламабад қаласында іс-сапарда. Сапардың мақсаты – “Study in Kazakhstan” халықаралық білім көрмесіне қатысу және Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасының білім беру ұйымдары арасындағы екіжақты байланыстарды дамыту.

Жұмыс сапарының алғашқы күні ШҚТУ өкілдері Қазақстан мен Пәкістан университеттерінің форумына қатысты. Іс-шараға Қазақстанның 10-нан астам жетекші жоғары оқу орны және Пәкістанның шамамен 15 университеті қатысты. Форум барысында екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды.

Форум шеңберіндегі негізгі талқылау тақырыптары:

  • бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру,
  • академиялық ынтымақтастық орнату,
  • студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламаларын ұйымдастыру,
  • әлеуетті дамыту және техникалық қолдау көрсету,
  • оқытушыларды алмасу бағдарламаларын (faculty secondments) жүзеге асыру,
  • білім беру біліктіліктерін өзара тану,
  • университеттер арасында спорттық және мәдени байланыстарды дамыту.

Форум барысында Қазақстан мен Пәкістан университеттерінің Консорциумын құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл құрылым екі елдің білім беру мекемелері арасындағы жүйелі әрі тұрақты ынтымақтастықтың тиімді алаңы болмақ.

Форуммен қатар Пәкістан Ұлттық Технологиялық Университетінің (National University of Technology — NUTECH) базасында “Study in Kazakhstan” білім көрмесі өтті. Көрмеде Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары таныстырылып, Пәкістандық талапкерлерге Қазақстанда білім алу мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынылды.

Ресми іс-шаралар аяқталғаннан кейін қазақстандық делегация Ислам елдері арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты үйлестіру ұйымы — COMSTECH мекемесіне барып, халықаралық ғылыми серіктестікті дамытуға бағытталған кездесулер өткізді.

ШҚТУ делегациясының жұмыс сапары жалғасуда. Сапар аясында Пәкістанның университеттері мен ғылыми ұйымдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізу жоспарланған.