14 наурыз - халқымыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрлерінің бірі, Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Бұл - адамдардың бір-біріне ақжарма тілектерін арнап, реніштерді ұмытып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін күн.
Көрісу күні - тек амандасу ғана емес, жүректерді жақындатып, туыстық пен достықты нығайтатын ерекше дәстүр. Жас ерекшелігіне қарамастан, барша жұрт бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, ақсақалдар ақ батасын береді. Қазақ халқында осы күні кемінде үш үйдің есігін ашып, амандасып шығу - ырыс пен молшылықтың белгісі деп саналған.
Бұл күн - бәрімізге ортақ мейрам. Өйткені ынтымақ пен ізгілікке шақыратын дәстүрлер ешқашан өз маңызын жоғалтпайды.
Ұлттың бірлігін бекемдейтін, татулық пен сыйластықты дәріптейтін Көрісу күні құтты болсын! Әр шаңыраққа амандық, береке және ырыс тілейміз!