Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Отан қорғаушылар күніне арналған іс-шаралар өтті.
Мерекелік көңіл күй таңертеңнен бастап сезілді: университеттің фойесінде қызметкерлер мен студенттерді әуенмен қарсы алып, көтеріңкі көңіл күй қалыптастырып, мерекенің маңызын айқындай түсті.
Іс-шара аясында спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қол күресі және автоматты уақытқа бөлшектеу мен жинау бойынша сайыстар өтті. Қатысушылар күш-жігерін, ептілігін, төзімділігін және дайындығын көрсетті. Жарыстар достық бәсеке мен өзара қолдау рухында өтті.
Университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымы тарапынан да ерекше назар аударылды. Қызметкерлер үшін мерекелік дастарқан ұйымдастырылып, олардың еңбегі мен университеттің дамуына қосқан үлесі үшін сыйлықтар табысталды.
Аталған іс-шаралар Отан қорғаушыларға деген құрметтің айқын көрінісіне айналып, университеттегі корпоративтік рухты нығайтуға ықпал етті.