Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті мен Шығыс Қазақстан техникалық университеті бірлесіп, «Кибертрон» атты оқыту семинары аясында ауқымды ашық дәріс ұйымдастырды.

«Кибертрон» – заманауи қауіптерге қарсы тұруды мақсат еткен жоба. Оның негізгі бағыты – студенттер мен жоғары оқу орындары оқытушыларының киберқауіпсіздік, кибергигиена, сондай-ақ қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру. Бұл жоба – ақпараттық технологиялар дәуірінде интернет кеңістігін қауіпсіз пайдалануға үйрететін маңызды бастамалардың бірі.

Ашық дәріс барысында ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дархан Елтайұлы сөз сөйлеп, қазіргі таңда киберқылмыстың түрлері мен одан қорғану жолдары туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар ол киберқауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігін ерекше атап өтті және жастарды желідегі қауіп-қатерлерден қорғануға шақырды.

Мұндай іс-шаралар білім алушылар мен оқытушылардың сандық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оларды заманауи қауіптерге қарсы тұра алатын, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде қалыптастыруға бағытталған.