ШҚТУ-дағы балалар мерекесі
Жаздың шуақты күндері дәстүрге айналған Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен басталады! «Бала күлсе, бақыт құлағын түреді» демекші, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ұжымының бүлдіршіндеріне мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Университет кіре берісінде балаларды ертегілер кейіпкерлері қарсы алды. Аниматорлар кішкентай қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, білім ордасының спорт залына шақырды. Мұнда балалар түрлі-түсті фломастерлер, бор мен бояулармен Микки Маус суреттерін әрледі.
Мереке соңында көбікті шоу ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге түрлі тарту-таралғы сыйға берілді.
Балаларды қорғау күні - тек бір күндік мереке емес. Бұл, бүкіл жер шарындағы сәби мен бала атаулының барлығы бақытты болуға лайық екенін еске салатын сәт. Махаббатымызды дарытып, қамқорлығымызға алып, тәрбие мен тәлімде назарымыздан шығармай, жүрек жылуымен аялауға тиістіміз. Мереке құтты болсын!