Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебі «Digital Spring: көктемгі мүмкіндіктер аумағы» атты Ашық есік күнін ұйымдастырып, өткізді. Іс-шараға заманауи технологиялар, инженерия және болашақ мамандықтарға қызығушылық танытқан Шығыс Қазақстан облысының мектеп оқушылары қатысты.
Іс-шараның алғашқы минуттарынан бастап қонақтарды волонтерлер қарсы алып, мектеп оқушыларына тіркелуге, сондай-ақ университет пен мектептің Instagram парақшасына жазылу бойынша интерактивті байқауға қатысуға көмектесті. Қатысушылар үшін мазмұнды әрі танымдық бағдарлама дайындалды.
Салтанатты ашылу домбырамен орындалған музыкалық композициядан басталып, мерекелік әрі шабыттандыратын атмосфера қалыптастырды. Іс-шара жүргізушілері ретінде Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің студенттері өнер көрсетіп, қонақтарды мектептің қызметімен таныстырып, білім беру бағдарламалары туралы ақпарат берді.
Мектеп оқушыларына құттықтау сөз сөйлеген Басқарма мүшесі – стратегиялық даму жөніндегі проректор Несипкалиев Улан Еренғалиевич цифрлық технологиялар саласында білікті мамандар даярлаудың маңыздылығын атап өтіп, болашақ мамандықты саналы түрде таңдаудың мәніне тоқталды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын цифрлық технологиялар мен инженерия тақырыптарына арналған интерактивті викториналар тудырды. Мектеп оқушылары белсенді түрде сұрақтарға жауап беріп, брендтік сыйлықтар үшін бақ сынасты.
Сонымен қатар іс-шара аясында университет пен мектептің Instagram парақшаларына жазылған қатысушылар арасында сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылды.
Ашық есік күні зертханалар мен оқу аудиторияларына экскурсиямен аяқталды. Мектеп оқушылары заманауи жабдықтармен, студенттік жобалармен және инженерлік әрі IT бағыттары бойынша білім алу мүмкіндіктерімен танысты.
«Digital Spring» Ашық есік күні мектеп оқушылары үшін технология, ғылым және инновациялар әлемімен танысуға мүмкіндік берген жарқын алаңға айналып, әр қатысушы өз болашақ мамандығын таңдауға алғашқы қадам жасай алды.