Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Президенттің инженерлік білім беруді дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында «EKTU Educational Academy» желілік инженерлік мектебін таныстырды.

Соңғы жылдары ҰБТ тапсыру кезінде бейінді пәндер ретінде физика мен математиканы таңдайтын талапкерлердің пайызы айтарлықтай төмендеді. Бұл мәселені шешу үшін университет бірнеше жылдан бері облыс мектептерінде инженерлік сыныптар құру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Демалыс уақытында балалар университет базасында физика мен математиканы тереңдетіп оқиды. Бұл тәжірибе сәтті болып, жаңа деңгейге көтерілді.

Желілік инженерлік мектеп аясында оқушылар инженерлік математика, физика бойынша күшейтілген даярлықтан өтеді, қолданбалы ғылыми жобаларды іске асырады, олимпиадаларға қатысады, демалыс кезеңінде оларға университеттің ғылыми-зерттеу және зертханалық базасы ұсынылады. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушылары жазғы мектеп аясында Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы Простор жазғы экспедициялық кампусында дайындық және бейімделу кезеңінен өтеді, онда олар оқып қана қоймай, демала алады. Облыстың 27 мектебінен физика және математика мұғалімдері Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында біліктілігін арттыруға, әдістемелік көмек алуға мүмкіндік алады.

Іс-шараға ШҚО білім берудегі жаңа технологиялар орталығының директоры Сергей Коваленко қатысты. Өз сөзінде ол іске асырылып жатқан жобаның маңыздылығын атап өтті. Тұсаукесерге университеттің серіктестері қосылды. Шетелдік мамандар қатарында Тихонов атындағы ЭЖМ ҒЗУ Мәскеу электроника және математика институтының қолданбалы математика бөлімі басшысы Белов Александр Владимирович, Мәскеу қ. МФТИ оқу ісі жөніндегі проректоры Артем Анатольевич Воронов, ИИКС НИЯУ МИФИ халықаралық ынтымақтастық бөлімі басшысының орынбасары Андрей Александрович Никифоров, Astana IT University құзыреттілік және кемелдік орталығының директоры Сапар Нұрахметұлы Тоқсанов болды.

Тұсаукесерге Тарбағатай, Зайсан, Катонқарағай аудандарының, Өскемен, Курчатов, Риддер, Алтай қалаларының 15 мектеп директорлары және аудандық білім беру бөлімдерінің өкілдері қатысты.

Іс-шара қатысушыларының айтуынша, ШҚТУ жүзеге асыратын жобалар жоғары сынып оқушыларын әрдайым қызықтырады және оларға болашақ мамандығын таңдауға көмектеседі.