«Серпін – 2050» бағдарламасы аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Түркістан облысының Жастар ресурстық орталығы бірлесіп EKTU QUIZ жобасын жүзеге асырды. Жобаның басты мақсаты – «Серпін – 2050» бағдарламасы туралы ақпарат беру және жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру. Жеңімпаздарға университетіміздің білім гранттары табысталды.
Шара барысында оқушыларға «Серпін – 2050» бағдарламасының мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды: еліміздің сегіз өңіріндегі жетекші жоғары оқу орындарында білім алу, жатақхана, шәкіртақы және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ұсынылады.
Іс-шараға серіктесіміз — «Казцинк» ЖШС атынан жастар қанатының жетекшісі Аслан Тургамбаев қатысып, жас мамандарға көрсетілетін қолдау, стипендиялық бағдарламалар, жұмысқа орналасу, жалдамалы тұрғын үйге өтемақы мен әлеуметтік пакеттер туралы айтып өтті.
Бүгінгі таңда EKTU QUIZ Түркістан облысының 18 ауданын, 330 мектепті және шамамен 1500 мектеп бітіруші түлекті қамтыды.
Финалдық ойын 25 сәуір күні Түркістан қаласындағы Облыстық Фараб кітапханасында өтті. Іс-шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Алтаев пен Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Жәдігерқызы Рахметуллина сөз сөйледі.
Қызу тартыста алты команда бірдей ұпай жинап, қосымша сұрақтар арқылы жеңімпаз анықталды. Созақ ауданының командасы бас жүлдеге ие болып, 5 оқушы жеке грантқа ие болды, ал мектепке теледидар табысталды.
Қалған 5 мектепке де бір-бір гранттан берілді.