Бүгін ШҚТУ қабырғасында «Ел жүрегі - Елорда!» атты халықаралық онлайн дөңгелек үстел өтті. Ректор Жасұлан Шаймарданов қатысушыларды таныстырып, Елорда күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор екенін атап өтті.

Өңір ЖОО-нан бөлек, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, сонымен қатар, Ресейдің Алтай мемлекеттік университетінің ғылым кандидаттары‎, профессорлары дайындаған баяндамаларын оқыды.

Алтай мемлекеттік университетінің «Қазақстан жолы және Н. Назарбаев» құрметті кафедрасы меңгерушісі Юлия Лысенконың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев аты бар кафедра Алтай мемлекеттік университетінің халықаралық деңгейдегі байланыстарын нығайтуға өлшеусіз үлес қосты.

Ғылым саласында талай жыл еңбек етіп жүрген мамандармен қатар, өз ойын жастар да білдірді. Төрт тілді жетік меңгерген ҚАЕУ университетінің Құқық және халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы Маржан Тәжіева еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатындағы елорданың рөлі туралы баяндама жасады. Журналистер одағының мүшесі, "Алаш айнасы" саяси ақпараттық порталының, "Заң" республикалық газетінің тілшісі Айнұр Сенбаева, Елорда - ғылым, білім, мәдениеттің ордасына айналғанын айтып, Нұр-Сұлтанды тағы бір қырыннан ашты.

Бүгінгі халықаралық онлайн дөңгелек үстелге студенттер қатысты. Осы орайда, Елорданы әспеттеп, ұлықтау арқылы - жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, патриоттық сезімдерді ояту мақсат болды.