Сапар аясында Елшінің университет басшылығымен ресми кездесуі өтті, оның барысында екіжақты академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың даму келешегі талқыланды. Әсіресе оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды Франциядағы серіктестермен жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бағдарламаның маңызды бөлігі Елшінің университет ғалымдарымен кездесуі болды. Іс-шара барысында университеттің ғылыми әлеуеті, негізгі ғылыми мектептері мен жүзеге асырылып жатқан зерттеу жобалары таныстырылды. Профессорлық-оқытушылық құрам өкілдері француз ғылыми және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастыққа өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша сөз сөйледі. Баяндамалармен: Сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің деканы Акаев Айбек Мұратбекұлы атом энергетикасы саласындағы кадрлар даярлау бағытын таныстырды; «Балқаш» АЭС жобасының энергетика тобының жетекші инженері, «КАЭС» ЖШС Азбергенов Мади Нұрбекұлы атом саласындағы ғылыми және экономикалық ынтымақтастық мәселелерін баяндады; «Digital Social Research» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Аубакирова Жанна Сәкенқызы демография саласындағы зерттеулерін ұсынды. Сондай-ақ француз тарапынан Франция Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Марк Эли сөз сөйлеп, халықаралық ғылыми өзара серіктестік тәжірибесімен бөлісті.

Кездесу барысында қатысушылар бірлескен зерттеулерді жүзеге асыру, ғылыми жарияланымдар дайындау, халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу және ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады.

Сапардың қорытынды кезеңі Елшінің университет студенттерімен ашық кездесуі болды. Кездесу барысында Елші Франция, француз жоғары білім беру жүйесінің ерекшеліктері, оқу және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері туралы айтып өтті. Студенттер сұрақ-жауап форматындағы диалогқа белсенді қатысып, білім беру және мәдени алмасу перспективаларын, сондай-ақ Францияда оқуын жалғастыру және халықаралық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.

Франция Республикасының Елшісінің сапары университет үшін маңызды оқиға болып, тараптардың академиялық және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара қызығушылығын растады.