4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні, бұл күн халқымыздың жүрегінде ерекше орны бар мерейлі күн. Бұл – ел Тәуелсіздігінің, бірлігінің, болашаққа деген сенімінің нышандарын ұлықтайтын мерейлі сәт.

Осы айтулы күнді ерекше атап өтіп үшін университет қабырғасында салтанатты жиын өтті. Шараға университет басшылығы, оқытушылар, қызметкерлер мен студенттер белсене қатысты. Мерекелік жиын Мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен басталды. Әнұранды жүрекпен сезініп, зор ықыласпен орындаған жастардың дауысы елдік рухты оятты.

Алғашқы құттықтау сөзді Басқарма мүшесі – стратегиялық даму жөніндегі проректор Ұлан Еренғалиұлы Несіпкалиев бастап, мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын атап өтті.

Жиында Мемлекеттік рәміздердің тарихи және рухани маңызы туралы Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы Амантай Фрунзеұлы Жақсылықов мазмұнды ойларымен бөлісті.

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың сан ғасырлық арманының, еркіндік пен тәуелсіздік жолындағы күресінің нышаны. Оларды құрметтеу – әрбір қазақстандық азаматтық парызы!