Кеңейтілген тақырыптық отырыс 2025 жылғы 27 қарашада Айгүл Құспанның төрағалығымен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде өтті. Мәжіліс депутаттары жауапты мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындарының өкілдерімен бірлесе отырып әскери кафедралар мен факультеттердегі әскери даярлық сапасы мәселелерін талқылады.
Комитет басшысы жұмылдыру резервін дайындау сапасы азаматтардың қызметке дайындығына және армияның беделіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Ол сондай-ақ жақында әскери-патриоттық тәрбие туралы заң шеңберінде жоғары оқу орындарындағы әскери даярлықты жетілдіруге бағытталған түзетулер қабылданғанын еске салды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Бурамбаев бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындарында 41 әскери кафедра жұмыс істейтінін, онда 17,9 мыңға жуық адам білім алатынын хабарлады. Жоғары оқу орындары арасында даярлау сапасының көрсеткiштерi бiртекті емес және айтарлықтай айырмашылықтар бар.
Өз кезегінде, ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова жоғары оқу орындарындағы әскери-патриоттық тәрбиенің кешенді дамуы, студенттерді даярлаудағы цифрлық технологиялардың рөлі және кафедраларды қаржыландырудың жеткіліксіздігі туралы айтып берді.
Мәжілісмендер баяндамаларды тыңдап, мемлекеттік органдар өкілдеріне бірқатар нақтылаушы сұрақтар қойды. Депутаттар, атап айтқанда, университеттерді заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге, әскери кафедраларды оқытушылармен жасақтауға, білім беру бағдарламаларын жаңартуға, оқытуға заманауи технологияларды енгізуге қызығушылық танытты.
Отырыс қорытындысы бойынша Айгүл Құспан әскери даярлықтың сапасын арттыру үшін қазіргі заманғы технологиялар мен нақты жауынгерлік тәжірибені ескере отырып, бағдарламаларды жаңарту, кафедраларды жарақтандыруды жаңғырту, оқытудың практикалық бөлігін кеңейту және басқа да шараларды іске асыру қажеттігін атап өтті.