Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде кеңейтілген ректорат форматында ұжыммен кездесу өтті. Кездесу барысында университеттің кадр даярлау сапасына және білім беру ортасының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өзекті мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – инженерлік білім берудің ұлттық моделін жүзеге асыру болды. Ректор өз сөзінде жаһандық сын-қатерлер мен экономиканың трансформациясы жағдайында инженерлік кадрларды даярлау стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Бұл басымдықты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бірнеше рет айқындап, еліміздің индустриялық және технологиялық дамуын қамтамасыз ететін жаңа буын инженерлерін даярлау қажеттігін ерекше атап өткен.
Университетте «мектеп - колледж - жоғары оқу орны - өндіріс» қағидатына негізделген, үздіксіздік пен практикалық бағыттылықты қамтитын, индустриямен тығыз ықпалдасқан инженерлік білім берудің тұтас моделі жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар CDIO стандарттары сияқты халықаралық тәсілдер енгізіліп, STEM-білім беру, пәнаралық байланыс және жобалық оқыту бағыттары дамытылуда. Бұл модель өңір мен ел экономикасының нақты сұраныстарына сай мамандар даярлауға бағытталған.
Кездесу барысында «EKTU Educational Academy» Желілік инженерлік мектебінің 2025–2026 оқу жылындағы қызметінің қорытындыларына ерекше назар аударылды. Бұл туралы мектеп жетекшісі Крыкпаева А.А. баяндама жасады. Бүгінде академия болашақ инженерлерді ерте кезеңнен даярлаудың маңызды тетігіне айналып отыр. Қазіргі таңда мектеп 363 оқушыны біріктіріп, Шығыс Қазақстан, Абай, Түркістан және Жетісу облыстарын қамтиды.
Желілік инженерлік мектеп толыққанды білім беру экожүйесі ретінде жұмыс істейді: математика, физика және информатика пәндері бойынша сабақтар апта сайын қашықтан өткізіледі, олимпиадалар мен байқауларға жүйелі дайындық жүргізіледі, оқушыларға консультациялық қолдау көрсетіледі, сала мамандарымен кездесулер ұйымдастырылады және кәсіби бағдар беру жұмыстары жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде мотивациясы жоғары талапкерлердің тұрақты пулын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Күн тәртібіндегі екінші маңызды мәселе - еңбек қауіпсіздігі мен өрт қауіпсіздігі болды. Бұл бағыт бойынша Азаматтық қорғаныс, қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің бастығы Серік Амангелдинұлы Амангелдин С.А. баяндама жасады.
Талқылау барысында университетте қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдері енгізіліп жатқаны атап өтілді. Бүгінде еңбекті қорғау жүйесі тек формалды талаптармен шектелмей, тәуекелдерді алдын ала басқаруға бағытталған проактивті модельге көшуде. Цифрлық мониторинг элементтері енгізіліп, профилактикалық жұмыстар күшейтілуде, зертханалық және ғылыми қызмет ерекшеліктерін ескере отырып нұсқаулықтар жаңартылуда. Сонымен қатар қызметкерлер мен студенттерге арналған тұрақты оқыту жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу қорытындысында ректор инженерлік білім беруді дамыту мен қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру өзара тығыз байланысты стратегиялық міндеттер екенін атап өтті. Университет бұл бағыттағы жүйелі жұмысын жалғастырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және өңірдің тұрақты дамуына үлес қосуды көздейді.