Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ұжымы Ләззат Лиақынды философия докторы (PhD) дәрежесін алу жолындағы сәтті қадамы – докторлық диссертация қорғауымен шын жүректен құттықтайды! Торайғыров университеті жанындағы диссертациялық кеңесте 8D072 – «Өндірістік және өңдеу салалары» бағыты бойынша «Металлургия» білім беру бағдарламасы аясында Лиақын Ләзат өзінің «Қоспалардың мөлшері жоғары сульфаттық мырыш ерітінділерін тазарту үрдісінің физикалық-химиялық зерттеулері» тақырыбындағы докторлық жұмысын сәтті қорғады.

Бұл ғылыми еңбек – металлургия саласындағы маңызды мәселелерді шешуге бағытталған терең теориялық ізденіс пен тәжірибелік зерттеулердің нәтижесі. Ғылыми еңбекте сульфаттық ерітінділерді тиімді тазарту жолдары қарастырылып, олардың өндірістік қолдану тиімділігі ғылыми тұрғыда негізделді.

Ғылыми кеңесшілері ретінде: Оналбаева Жанар – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Халықаралық инженерия мектебінің оқытушысы, «VERITAS» артықшылық орталығының аға ғылыми қызметкері (Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, Өскемен, Қазақстан); Мамяченков Сергей – техника ғылымдарының докторы, профессор (Орал Федералдық университеті, Екатеринбург, Ресей) қатысты.

Ләззат Лиақынның бұл жетістігі – университетіміздегі сапалы ғылыми ортаның қалыптасуы мен жас зерттеушілердің әлеуетін арттыру жолындағы тағы бір айқын дәлелі. Университет ұжымы жас ғалымды құттықтай отырып, алдағы ғылыми жолында толағай табыстар, шабыт пен шығармашылық жетістіктер тілейді!