Шығыстың төрінде Катонқарағай ауданында құшағын құлаш жая «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль жоғары деңгейде өтті. Аталмыш шара- түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын ұлықтайтын, рухани байланысты нығайтатын ерекше мереке болды.

Фестиваль аясында өткен «Аламан бәйге» жарысы ұлттық спортты дәріптеп, көрермендерді керемет әсерге бөледі. Бұл думанды мерекеде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің намысын арқалаған түлектеріміз көкпар сынды ерлік пен ептілікті сынайтын ұлттық спорт сайысында бақ сынады. Сонымен қатар, университеттің оқытушылары мен студенттері үлкен мерекелік концерттің куәсі болып, фестиваль аясында өткен өзге де іс-шараларға белсене қатысты.

Сонымен қатар келесі күні халықаралық айтыс - «Алтай - алтын бесігім» поэзия сүйер қауымды тәнті етті. Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолияның озық ақындары өнер көрсетіп, ұлттық өнердің мәртебесін асырды.

Фестивальде этноауыл құрылып, ұлттық тағамдар, қолөнер көрмесі мен дәстүрлі спорт түрлері көпшілік назарына ұсынылды. Түркі халықтарының қатысқан музыкалық шоу-фестиваль - мерекенің шарықтау шегіне айналды. Берел қорғанынан табылған қасиетті Штандарт бейнесінің таныстырылуы фестивальдің рухани маңызын арттыра түсті.

«Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі - ұлттың тарихы мен мәдениетін ұлықтайтын, рухани сабақтастықты жалғайтын айтулы шара ретінде ел есінде қалды.