ШҚТУ-дың серіктес жоғары оқу орны - Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде (Бішкек қ.) «Ортағасырлық кезеңдегі Еуразиядағы саяси, әлеуметтік-экономикалық және этномәдени үдерістер» атты III Халықаралық ғылыми конференция өтті. Ауқымды ғылыми форумды ҚырҰУ мен Алтай мемлекеттік университетінің Алтаистика және түркология жөніндегі «Ұлы Алтай» ғылыми-білім беру орталығының Өкілдік орталығы Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, Президент жанындағы тарихи ғылымды дамыту жөніндегі комиссияның, ҚырҰУ мен ҚырҒА институттарының, сондай-ақ «Мурас» қорының қолдауымен ұйымдастырды.

Конференцияға Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген 15-тен астам шетелдік ғалым қатысты. Қазақстандық тараптың белсенді қатысуы түркі әлемінің ортақ тарихи-мәдени тамырларын зерделеудегі еліміздің ғылыми мүдделерін айқын көрсетті. Қатысушылар түркі халықтарын біріктіретін ортақ тілдік негіз, ұқсас салт-дәстүрлер мен қолданбалы өнердің элементтері – олардың біртұтас өркениеттік кеңістігін сақтаудың маңызды тетігі екенін атап өтті.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің атынан конференцияға Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы Қалиева Қ.С. қатысты. Ол өз баяндамасында ортағасырлық Еуразия тарихын зерттеуде интернет-ресурстарды қолданудың өзектілігін ашып көрсетті. Баяндама ғылыми қауымдастық арасында үлкен қызығушылық туғызып, мазмұнды пікірталасқа ұласты.

Пленарлық отырыстардың қорытындысы ретінде негізгі тұжырымдар мен ұсыныстар қамтылған резолюция қабылданды. Конференция жұмысы секциялық мәжілістермен жалғасып, Еуразия кеңістігінің ортағасырлық тарихын зерттеудің заманауи тәсілдері талқыланды.

Сондай-ақ конференция қатысушылары IX ғасырда Қараханидтер империясының астанасы болған Баласағұн қаласының орны саналатын «Бурана мұнарасы» сәулет-археологиялық музей-кешенінде және Көшпелілер өркениеті орталығында болып, көшпелілердің материалдық және рухани мәдениетімен танысты.

Сондай-ақ, іссапар барысында ШҚТУ ректоры Рахметуллина С.Ж.-нің тапсырмасына сәйкес И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті және Ж.Баласағұн атындағы ҚҰУ-нің QS сарапшыларының тізімі жасақталды.

Қалиева К.С.
ҚТжәнеӘСП кафедрасы