Жаз аяқталып, өз кезегін сарғайған алтын күзге де берді. Көктемде бүр жарып, жазғытұрым жайқалған көк майсаның барлығы өмірінің белгілі бір межесіне жетіп, еңселері түсіп, сары уайымнан сарғайып жатыр. Олардың уайымын бөліскендей ме, әйтеуір жылауық күз де көз жасын сығып-сығып алатындай жаңбырлатып қояды. Бәлкім, олардың бойын кернеген өкпе-наз, реніш-уайымды жуып-шаймақ па екен кім білсін? Не десе де алтындай жалтырап жатқан даланың да самарқау сықырлай салар әні, өзіне ғана мәлім сыры бар.
Бұдан бөлек күз мезгілі мектеп оқушылары мен студенттердің де оқуға әзірліктерін қайрап, қызығушылығын арттырар мезгіл. Әр мезгіл өз сұлулығымен таңдай қақтырады. Соның ішінде күздің өзіндік ерек қасиеттері бар. Күз мезгілі адамның көңіл-күйі секілді құбылмалы келеді. Бірде жаңбыр жауып жатса, енді бірде күн шайдай ашылып тұрады. Ешнәрсеге таңғалмайтын болдық. Таңертеңмен жақсы көңіл-күйде жүргенің әп-сәтте ренжітетін, жылататын, тынышыңды қашыратын жаңалық күтіп тұрса да таң қалмайсың.
Жылдың әр мезгілінің өзіндік сыры бар. Күзде ағаш жапырағы сарғайып, айнала алтын түске боялады дегендей, өмірімізде де түрлі сары жолақтар пайда болып жатады. Бұл дегеніміз жаныңның жарты бөлшегін сарғая сағына күту. Күн күңіренгенде көңілің құлазып, жаның жай таппағанда күзде табиғат аясында демалудың өзіндің сыры бар. Және бір күздің артықшылығы - салқындығында. Ғалымдардың айтуынша күзгі таза ауада 5 минут серуендеу - көңіл-күйді көтеретінін жеткізеді.
Күз мезгілін шығармашылық маусым кезеңі деп те айтуға болады.
Күздің керемет келбеті
Қаталдаумын, кей кездері суықпын,
Мен өйткені қоңыр күзде туыппын.
Кей кездері шабытыма ән қосып,
Қоңыр күзде жан сарайын жылыттым.
(Фариза Оңғарсынова)
Демек, күз шығармашылық адамдарының шабытына шабыт қосатын жыл мезгілі. Осы уақытта көптеген әйгілі туындылар жарық көреді. Жазушылар үшін таптырмайтын маусым қылқаламдарының ұшы желініп әдемі суреттер, жазбалар мен өлең шұмақтары осы кезде өмірге келеді. Небір әдемі проза, эсселер, жан тебірентерлік қызыққа толы әңгімелерде осы маусым кезеңін тамаша суреттейді.
Ауыл өміріне көз салсақ, диқаншылар егіс даласында дән жиса, ауыл адамдары отын, көмірлерін түсіріп, қыстан қысылмай шығудың қамын жасауда. Мұның өзі сәнімен болып жатқан қарбалас сәттерге толы кезең. Нақты айтқанда, күз - сиқырлы, сұлу мезгіл. Күз қоңыр болса да, сәттілікке толы болсын.