Таңбалы петроглифтері: цифрлық археологияның жаңа көкжиегі.  2026 жылғы 25–26 сәуір күндері Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің мамандары «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығында «Петроглифтерді цифрлық құжаттау және зерттеудің заманауи әдістері» атты жастардың халықаралық далалық мектебін өткізді.

Далалық мектепке Қазақстан, Тәжікстан, Ресей және Қырғызстан елдерінен келген студенттер мен зерттеушілер қатысты. Оқыту үдерісі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, Орталық Азиядағы ең маңызды жартас өнері ескерткіштерінің бірі саналатын Таңбалы археологиялық ландшафты аумағында өтті.

Практикалық сабақтар барысында қатысушылар цифрлық археологияның заманауи тәсілдерімен танысып, петроглифтерді фотограмметриялық түсіру әдісін іс жүзінде меңгерді. Әрбір қатысушы далалық жағдайда бейнелерді тіркеуден бастап, жартас бетіндегі суреттердің 3D-моделін жасауға дейінгі толық циклді орындады.

Бұл технологиялар ежелгі бейнелерді жанаспай тіркеуге, олардың дәл цифрлық көшірмелерін жасауға, қазіргі күйін құжаттауға және жартас өнері ескерткіштерін виртуалды ортада зерттеуге мүмкіндік береді.

Далалық мектеп тек білім беру алаңы ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияның жас зерттеушілері арасында кәсіби тәжірибе алмасу кеңістігіне айналды. Қатысушылар заманауи цифрлық әдістердің ежелгі жартас өнерін зерттеу мен сақтау тәсілдеріне қалай әсер етіп жатқанын талқылады.