Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген студенттерді біріктірген «EKTU CUP–2026» республикалық дебат турнирі өз мәресіне жетті. Ауқымды іс-шара жоғары ұйымдастыру деңгейімен, мазмұндық тереңдігімен және заманауи қоғамдық сын-қатерлерге сай келетін өзекті күн тәртібімен ерекшеленді.
Турнир Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясында бекітілген құқықтық мемлекет қағидаттары, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық келісім мен жауапкершілік идеялары аясында өтті. Оның негізгі идеологиялық өзегі - «Заң мен тәртіп» қағидаты. Бұл бағыт жастардың құқықтық мәдениетін нығайтуға, заңға құрмет қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілікті дамытуға негізделген.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, прокуратура органдары және Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен тығыз өзара іс-қимыл аясында ұйымдастырылды. Мұндай ведомствоаралық серіктестік турнирдің жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етіп қана қоймай, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамда заңдылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған практикалық мазмұнмен толықтырды.
Таңертеңнен бастап университет кампусы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан келген командалармен жанданды. Олардың қатарында Alikhan Bokeikhan University, Astana IT University, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, «Тұран» университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Семей медицина университеті және басқа да оқу орындары бар. Тіркеу кезеңінің өзі қатысушылар арасындағы алғашқы танысу, пікір алмасу алаңына айналды.
Салтанатты ашылу рәсімі турнирдің стратегиялық бағытын айқындады. Онлайн форматта сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Абылайхан Ақерке білім беру жүйесінде жаңартылған Конституция құндылықтарын ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің және университеттің комплаенс қызметінің өкілдері сөз сөйлеп, заң үстемдігі, құқықтық мәдениет және қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында жастардың жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Дебат раундтары британдық парламенттік форматта өтті. Бұл формат пікірталастарға жоғары қарқын беріп, қатысушылардан терең талдау, жүйелі ойлау және шешендік шеберлікті талап етті. Талқылау барысында цифрлық бақылау, қауіпсіздік пен адам құқықтары арасындағы теңгерім, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі мемлекет пен қоғамның рөлі сияқты маңызды тақырыптар көтерілді.
Бағдарламаның маңызды бөлігі – білім беру компоненті болды. Қатысушылар Халықаралық Лу Бань шеберханасына және университеттің ғылыми орталықтарына барып, инженерлік білім берудің заманауи тәсілдерімен, цифрлық технологиялармен және инновациялық әзірлемелермен танысты.
Турнирдің қорытынды кезеңі жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен түйінделді. Университет ректоры қатысушылардың дайындық деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, дебаттардың азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруда, ашық диалог мәдениетін дамытуда және заңға құрметті нығайтуда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Марапаттау рәсіміне «KAZZINC» компаниясының корпоративтік университетінің білім беру ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Елемесова Г.А. қатысты. Бұл университет пен өндіріс арасындағы серіктестіктің маңызын және жастар бастамаларын қолдаудағы бизнестің үлесін айқындайды.
- Негізгі алаң жеңімпаздары: «Маулетхан Даниел» фракциясы Қадырғазыев Нұрсұлтан (Alikhan Bokeikhan University) Сәрсенбаев Жігер (С. Аманжолов атындағы ШҚУ).
- Финалистер: «Ванда» (Alikhan Bokeikhan University), «Ақиқат А» (Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті), «M0nesy» (Семей медицина университеті).
- Үздік спикер: Қадырғазыев Нұрсұлтан,Үздік төреші: Әбілмажинова Ақбота.
- Жастар алаңының жеңімпаздары:«Insan» (Абай атындағы ҚазҰПУ).
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті студенттік жастарды жүйелі түрде қолдап, білім беру және қоғамдық бастамаларды дамытуға үлес қосып келе жатқан сенімді серіктесі – «KAZZINC» компаниясына алғыс білдіреді.
«EKTU CUP–2026» турнирі білім, ғылым және құқықтық мәдениетті тоғыстырған маңызды алаңға айналды. Бұл жоба заң мен тәртіп, әділеттілік және азаматтық жауапкершілік қағидаттарын өмірлік ұстаным ретінде қабылдайтын саналы, ойлы және біртұтас жастар буынын қалыптастыруға ықпал етеді.