Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ командасының Сеулге сапары «Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру контекстінде инженерлік білім берудің ұлттық моделін құру» жобасы аясында өтті. ШҚТУ командасы Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-мен бірлесіп Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінде (SeoulTech) болды. Сапар барысында делегация ABEEK аккредиттеу компаниясының өкілдерімен де кездесті.
Жетекші техникалық университеттердің бірі SeoulTech өзінің озық инженерлік бағдарламаларымен және технологиялық инновацияларымен танымал. Кездесуде студенттер мен оқытушылар алмасу, сондай-ақ техникалық бағыттар бойынша қос диплом бағдарламаларын құру талқыланды. SeoulTech өзінің тәжірибесімен және технологиялар саласындағы инновациялық тәсілдерімен бөлісті, университет базасында жиналған өзінің электрокарын көрсетті. Талқылаудың маңызды кезеңі электр машиналары мен механикалық инженерия саласындағы жаңа бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу туралы ұсыныс болды. Бұл бастаманы іске асыру үшін құрамына ШҚТУ және SeoulTech қызметкерлері кіретін бірлескен зерттеу топтарын құру жоспарлануда.
Жоба аясында ШҚТУ Қазақстанның инженерлік жоғары оқу орындарының ұлттық альянсын құру бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтеміз. Альянстың жұмыс бағыттарының бірі Вашингтон (Washington Accord), Сидней (Sydney Accord) және Дублин (Dublin Accord) келісімдеріне кіру болып табылады, бұл осы келісімдерге қатысушы елдерде ұлттық аккредиттелген білім беру құжаттарын тануға мүмкіндік береді. Тиісті меморандум жасау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұл сапар Қазақстанда инженерлік білім берудің заманауи және бәсекеге қабілетті моделін құрудағы маңызды қадам болып табылады. Халықаралық тәжірибе мен стандарттарды енгізу тұрақты даму міндеттерін тиімді шеше алатын және қоғамның ілгерілеуіне елеулі үлес қоса алатын мамандарды даярлауға көмектеседі.