2026 жылғы 3–5 қараша аралығында «Автоматтандыру және басқару» бағытының магистранттары, докторанттары мен жас ғалымдарына арналған «Ғылыми зерттеулерге кіріспе» тақырыбында воркшоп өтті.
Воркшопты басқару және бақылау-өлшеу аспаптары саласындағы PhD, Танзаниядағы Әулие Иосиф университетінің (Дар-эс-Салам қ., Танзания) «Электротехника, электроника және коммуникациялық инженерия» бағытының профессоры Аравинд Питчай Венкатараман (Aravind Pitchai Venkataraman) өткізді. Үш күн бойы профессор қатысушыларға ғылыми зерттеу жүргізудің негізгі кезеңдерін үйретті: өзекті тақырыпты іздеу және тұжырымдау, ғылыми мәселені анықтау, мақсат пен міндеттерді белгілеу, ғылыми әдебиеттерді іздеу және талдау, зерттеу әдістерін таңдау және әдіснамасын әзірлеу. Зерттеудің өзектілігі мен ғылыми жаңалығын негіздеуге, оның логикалық құрылымын қалыптастыруға, сондай-ақ диссертациялар, ғылыми мақалалар мен зерттеу жобаларын дайындаудың практикалық тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Профессордың ғылыми қызығушылықтарына өнеркәсіптік автоматтандыру, компьютерлік көру және жасанды интеллект салалары кіреді. Воркшоп аясында қатысушылар осы салалардағы өзекті зерттеулермен және заманауи технологияларды қолдану перспективаларымен де танысты.
Воркшоптың практикалық форматы қатысушыларға өздерінің зерттеу идеяларын пысықтауға, құнды ұсыныстар алуға және ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.