Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Ұлттық кітап күні - білім мен зияткерлік дамуға ұмтылыстың, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің символы ретінде атап өтіледі.
Бұл күн -тек кітап туралы еске алу емес, ол студенттің кәсіби және тұлғалық қалыптасуындағы маңызды құралға назар аудару. Қазіргі таңда ақпарат ағыны жылдам болғанымен, терең ойлау, жүйелі талдау және сапалы білім - ең алдымен кітап арқылы қалыптасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, кітап оқу мәдениеті - ұлт сапасын арттырудың негізгі факторларының бірі.
Университет студенттері үшін оқу - тек академиялық міндет емес, бұл - өз болашағын қалыптастырудың стратегиялық қадамы. Әрбір оқылған кітап жаңа көзқарасқа, жаңа идеяға жол ашады, кәсіби бағытты айқындауға көмектеседі және тұлғалық дамуға серпін береді.
Қазақ әдебиетінің інжу-маржандары: «Абай жолы», «Қан мен тер», «Менің атым Қожа»- ұлттық болмысты, тарихи сананы және адамгершілік құндылықтарды терең түсінуге мүмкіндік береді. Ал Габриэль Гарсиа Маркестың, Харуки Мураками, Салман Рушди сынды әлемдік авторлардың шығармалары заманауи ойлау көкжиегін кеңейтеді.
Кітап оқу кейде үлкен шешімдерден емес, шағын қадамдардан басталады: бір бет, бір ой, бір әсер. Бірақ дәл осы сәттер жаңа мүмкіндіктердің бастауы болуы мүмкін. Студенттік кезең ө ізденіс пен қалыптасудың уақыты, ал кітап – осы жолдағы сенімді серік.
Ұлттық кітап күні құтты болсын! Білімге деген қызығушылық, жаңаға ұмтылыс және үздіксіз даму әрбір студенттің өмірлік бағытына айналсын.