2026 жылдың 23 сәуірінде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Қазақстан тарихы және саяси-әлеуметтік пәндер кафедрасы» 10-11 сынып оқушылары мен колледж түлектеріне арналған «NOMAD FEST» облыстық пәндік олимпиадасының үшінші кезеңін өткізді. Іс-шара көшпелілер өркениетінің тарихына, мәдениетіне және мұрасына қызығушылық танытқан дарынды және ынталы жастардың басын қосты.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – Қазақстан тарихына деген қызығушылықты арттыру, көшпелі халықтардың мәдени мұрасын насихаттау, сондай-ақ жастардың шығармашылық және зерттеушілік ойлау қабілетін дамыту болып табылады. Қатысушылар Қазақстан тарихы, өлкетану, «Толық адам» тұжырымдамасы (Абай мұрасы), сондай-ақ Қазақстанның сакралды географиясы бағыттары бойынша өз білімдері мен дағдыларын көрсетті.
Олимпиада үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар эссе жазса, екінші кезеңде бейнероликтер ұсынды, ал үшінші, финалдық кезеңде үздік бейнежобаларды қорғау өтті. 15 қатысушының ішінен финалға 7 үздік қатысушы өтіп, олардың жұмыстары қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Финалдық кезеңде қатысушылар презентациялар жасап, бейнероликтерін, оның ішінде онлайн форматта да қорғады. Қатысушылар туған өлкенің тарихи-географиялық ерекшеліктеріне, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерге арналған мазмұнды зерттеулер ұсынды.
Құттықтау сөздерімен «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының тарих ғылымдарының кандидаты Қалиева Қанша Советкановна және аға оқытушысы Джаксылыков Амантай Фрунзевич сөз сөйледі.
Іс-шараға ерекше әсер сыйлаған – студенттердің шығармашылық өнер көрсетулері, соның ішінде Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттерінің орындауындағы музыкалық нөмірлер болды.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, I, II және III дәрежелі дипломдармен марапаттады. Салтанатты марапаттау рәсімі олимпиаданың жарқын қорытындысына айналды. I орынды Катонқарағай ауданы С. Ластаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Фархатқызы Жансая иеленді.
II орынды Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы білім бөлімінің «Тархан орта мектебі – балабақша кешені» КММ-нің 11-сынып оқушысы Граф Максим Владимирович және Өскемен қаласы Зәки Ахметов атындағы №16 орта мектептің 10-сынып оқушысы Бердімұратова Малика иеленді.
III орынды Өскемен қаласы Зәки Ахметов атындағы №16 орта мектептің 10-сынып оқушысы Қайырғазина Әдемі, сондай-ақ Шемонаиха ауданы білім бөлімінің «Октябрь кешені "Жалпы білім беретін орта мектеп – балабақша"» КММ-нің 10-сынып оқушылары Большакова Снежана Александровна мен Большакова Яна Владимировна иеленді.
Ұйымдастырушылар қатысушыларға жоғары деңгейдегі дайындықтары үшін, сондай-ақ олардың жетекшілеріне кәсібилігі мен жастарды дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
«NOMAD FEST» олимпиадасы өңір жастарының зияткерлік және шығармашылық әлеуетін ашуға арналған маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ұйымдастырушылар жүлде қорының демеушілеріне — «Білім беру саласындағы Қазақстан-Неміс ынтымақтастығы» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дамитов Бахытжан Кабдошевичке және AlmaU Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің экс-төрағасы Дамитов Қадыржан Кабдошевичке талантты жастарды қолдағаны және білім беру бастамаларын дамытуға қосқан үлесі үшін ерекше алғыс білдіреді.