Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында «Сирек кездесетін металлдар: перспективті технологияларды әзірлеу» атты ғылыми-технологиялық сессиясы тараптар үшін табысты өтті.

Ауқымды іс-шараны Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ, «Ғылым қоры» АҚ және «Үлбі металлургия зауыты» АҚ бірлесіп ұйымдастырды. Сессия - технологиялар трансферін жеңілдету мен академиялық орта мен өнеркәсіптік сектор арасындағы өзара ықпалдастықты тереңдетуге бағытталған ұлттық бастама аясында жүзеге асырылды.

Үш күнге созылған мазмұнды бағдарламада теориялық-талдамалық сессиялар, технологиялық экскурсиялар мен командалық-стратегиялық жұмыстар қамтылды. Ғылыми шараға жетекші отандық жоғары оқу орындарының ғалымдары, зерттеу институттары мен өндірістік кәсіпорындардың сарапшылары қатысты.

Сессияның бірінші күні қатысушылар Үлбі металлургия зауытына барып, тантал, бериллий және уран өндірісімен, сондай-ақ кәсіпорынның көрме-ақпараттық орталығымен таныс болды. Бұл тәжірибелік алаң ғылыми топтарға өндірістік процестерді терең түсінуге, өзекті технологиялық мәселелерді анықтауға және келешек зерттеулерге негіз қалап беруге мүмкіндік берді.

Келесі күнгі жұмыс ШҚТУ-да жалғасты. Қатысушыларды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті өкілдері, сондай-ақ «ҮМЗ» АҚ және ШҚТУ басшылығы құттықтап, ғылыми қауымдастықтың маңыздылығын атап өтті. Сессия жұмысына модератор ретінде «Ғылым қоры» АҚ сарапшысы, PhD докторы Иван Трусов жетекшілік етті. Топтық пікірталастар барысында қатысушылар нақты ғылыми-техникалық міндеттерді саралап, зерттеу мақсаттарын айқындап, жаңа технологияларды әзірлеуге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.

Сессияның үшінші күні қатысушылар әзірлеген техникалық шешімдерді таныстырып, сараптамалық бағалаудан өтті. Ұсынылған жобалар индустриялық серіктестік пен мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді үйлестіруге бағытталды.

Бұл ғылыми-технологиялық сессия - отандық ғылым мен өндіріс арасындағы ықпалдастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін айқын дәлелдейтін маңызды алаң болды. ШҚТУ инженерлік ғылым мен технологиялық жаңғырудың драйвері ретінде өз миссиясын тағы бір мәрте растады.

  Фото. 1 күн
  Фото. 2 күн
  Фото. 3 күн