Наурыз мейрамы - қазақ халқының ең көне, мәні терең дәстүрлерінің бірі. Бұл күн елімізде жаңа жылдың басын ғана емес, сондай-ақ адамгершілік құндылықтардың жаңаруын білдіреді. Биылғы Наурыздың мәні ерекше. Себебі, ол ұлы ақын, ағартушы, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Биылғы Наурыз мерекесін Шығыс Қазақстан техникалық университеті ұлы ойшыл, ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналып аталып өтіп отыр. Бұл мерейтой аясында Өскемен қаласының орталық алаңында киіз үй тігіліп біз Абайдың рухани мұрасы мен адамгершілік қағидаттарын ұлықтап, келешек ұрпаққа насихаттауға, оның даналық жолын жалғастыруға күш салудамыз. ШҚТУ шаңырағының астында хәкім ойшылдың кітаптарының көрмесі ұйымдастырылып, өлеңдері мен қара сөздері шырқалып, әндерін дәріптеу мақсатында қонақтарымыз кароеке айту арқылы олармен Абайдың әуезді әндерін шырқады. Сондай ақ ШҚТУ шаңырағына облыс әкімі, қала әкімдігі келіп өзінің тілектерін жаудырды.

Қазақтың ұлы ақыны Абайдың сөздері мен әндері бізге тек рухани байлық қана емес, сонымен қатар қазіргі қоғамның дамуына бағыт беретін құндылықтар болып табылады. Оның шығармашылығы мәңгілік. Абайдың өнегелі ілімі бізге әрқашан жол көрсетеді.

Шығыс Қазақстан техникалық университеті Наурыз мейрамын ерекше атап өтіп, осы айтулы мереке аясында Абайдың әндерін тыңдап, оның өшпес мұрасын бірге насихаттауды мақсат тұтты.

Шығыс Қазақстан техникалық университеті Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған "Үздік киіз үй" қалалық байқауында 3 орын иегері болды. Осылайша қанжығамыз майланып қола жүлдегері атанды.

Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан халқымыз үшін Наурыз - жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы. Бұл - табиғат пен адамзаттың үйлесім тапқан, ынтымақ пен бірліктің жарқын көрінісін паш ететін мереке.

Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ұжымы баршаңызды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтайды! Бұл Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа құт-береке, молшылық пен шаттық әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, әр күн жаңа жетістіктер мен табыстарға толы болсын. Самарқанның көк тасын еріткен әз-Наурыз мейірімділік пен ізгіліктің бастауы болып, жүректерге жылулық, көңілдерге қуаныш сыйласын!

Ақ мол болсын, жыл ырысты болсын! Алдағы демалыс күндерін көңілді өткізуіңізге тілектеспіз!